02-11-18 |
3970 рет қаралған
Қазақстан екі оттың ортасында тұр.
Қазақстан екі оттың ортасында тұр

«Санкция кезіндегі текетіресте қазақтың мүддесі қалай қорғалмақ?» деген сұрақ informburo.kz сайтында қойылды.

Тимур Сүлейменов өзіне сенімді. Журналистердің «Мұндай жағдайда Ресеймен байланыс қандай бағытта дамиды?» деген сауалына «Біз Ресей үкіметімен экономикалық тұрғыда жақсы диалог құрдық. Бұл санкцияның Қазақстан экономикасына әсер етпейтіні анық», – деп жауап берді.

ҰЭМ Ресейге қарсы қабылданған шектеу шаралары біздің елге әсер етпейтінін ашып айтты. Үкімет қандай жағдай болса да дайын екен.

«Біз мұны төтенше жағдай деп есептемейміз. Санкцияның әсері металл бағасының түсуі немесе көтерілуі кезіндегі фактор сияқты әсері болуы мүмкін. Біздің мұнайымызды Новороссийскпен байланыстырып тұрған мұнай құбырларына қатысты мәселе көтерілді. Санкцияда оған қол қойылмаған. Америкалық Шеврон компаниясы Каспий құбыр желісі консорциумының инвесторы. Олар өздерінің конгресі арқылы транзиттік мұнай құбырларын санкция тізімінен алып тастауға қол жеткізді. Жергілікті нарыққа мұнай тасымалдауда қиындық болмайды»–деді ҰЭМ Тимур Сүлейменов.

Қазақстан экономикасының Ресей экономикасына байлаулы екені билікке белгілі. Экономикаға тек мұнай ғана әсер етпейді. Ауыл шаруашылығының экспорты, сауда экономикамызды қалыптастыратын негізгі фактор. Үкіметтің экономикалық блогы келесі үшжылдыққа – 2019-2021 жылдың бюджетіне сараптама жасауды қолға алғаны белгілі. 2018 жылдың аяқталуына 2,5 айдан аз уақыт қалды. Бірақ Ресейге салынған санкцияның бізге әсері мен ықпалы үкімет деңгейінде әлі сараланбапты. Мұны үкіметте өткен селекторлық бас қосу кезінде қаржы министрі Әлихан Смайлов айтты.

Қазақстан екі оттың ортасында тұр

Саясаттанушы Расул Жұмалы S.722 Актісі шеңберінде Ресейге салынатын АҚШ санкциясы Қазақстанға да едәуір шығын келтіретінін айтады. Өйткені әскери салада, металлургия және теміржол тасымалында көрші елмен алыс-берісіміз тереңге кеткен.

– БҰҰ тұрақты емес мүшесі ретінде АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайдың ушығып кетуіне байланысты шұғыл кеңес шақыруға құқымыз бар. АҚШ конгресінде Иран, Ресей және Қытайға санкциялар пакетін дайындау туралы мәселе туралы сөз болған күннен бастап Қазақстан дайындықты бастады деген үміттемін, – дейді Расул Жұмалы.

Қазан айы ЕАЭО елдері үшін ұлттық валюталардың әлсіреуімен басталды. Ресейде бұл факторға тек санкция емес, табыстарынан айырылып қалған компаниялар әсер етуде. Ресми дерек кейбір компаниялардың табысы 70 пайызға дейін төмендеп кеткенін айта бастады. Әзірге сыр бермей келе жатқан армян драмы ғана. Ал қырғыз сомының тұрақтылығына қытаймен алыс-берісі күш беріп жатыр.

– Валюта нарығындағы алыпсатарлық пен қырғыз билігінің монетарлық саясаты сомды қазіргі деңгейде ұстай алмайды. Себебі ол елде де ЕАЭО интеграциясы тым тереңдеп кеткен. АҚШ Ресейге қарсы жарияланатын жаңа санкциясы одақтың беріктігіне сын болғалы тұр. Жекелеген сарапшылар ЕАЭО емес, ЕО және қытаймен байланыс маңызды екенін ескертіп жатыр, – дейді Расул Жұмалы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.