10 млрд теңге бюджетпен «Samruk-KazynaTrust» қорының әлеуметтік маңызы бар жобалары биыл 300 мыңнан астам адамды қамтыды. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын Қордағы өзгерістер мен жаңалықтарды компанияның бас директоры Дияс Әзбергенов Zakon.kz берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.
Қор биыл спорттық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру тәртібін қайта қарастырды. Бұл туралы наурыз айында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Әлішер Пірметов мәлімдеген. Қор басшылығы қайырымдылық бағдарламалардың бюджетін қысқартуды, жеке тұлғаларға демеушілік көмектен бас тартуды және «Астана» президенттік клубын Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына беруді ұйғарған болатын. 2018 жылдан бастап қайырымдылық бағдарламаға қарастырылған қаржы мерекелік пен мерейтойлық іс-шараларды, концерттер мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруға, несие қарызын өтеуге және «Астана» кәсіби клубын қаржыландыруға жұмсалмайды.
«Біз шешім қабылдау процесін оңтайландырдық. Енді қайырымдылық көмек көрсету шешімін жалғыз орган қабылдайды. Бұл – Қордың қамқоршылық кеңесі. Сонымен бірге шешім шығару мерзімін 25 күннен 15 күнге дейін қысқарттық», – деп енгізілген өзгерістерге Дияс Азбергенов кеңінен тоқталды.
«Біз елге пайдасы тиетін әлеуметтік инвестицияларды іске асыруда өз жолымызды таптық деуге болады. Біз ұзақ мерзімді нәтиже беретін қайрымдылыққа бет бұрдық. Мәселен, биыл өңірлерді дамытуға және жергілікті азаматтық қоғамдастықтарға баса назар аудардық. Егер «Астана» президенттік клубы жайлы сөз қозғасақ, оны «Самұрық-Қазына» қолдаудан бас тартқан жоқ, тек қаржыландыру механизмін өзгертті. Біз енді қаражатты Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорына бөлеміз. Ал қандай клубтарды қандай көлемде қаржыландырылатынын спорт саласындағы менеджерлер өздері анықтайды», – деп түсіндірді ол.
Десек те, «Samruk-Kazyna Trust» көпшілікке қолжетімді бұқаралық спортты қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, мұндай жобалар қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстануын қолдау үшін барынша насихатталады.
«Мәселен, «Сенің жаңа қырың!» қоғамдық спорттық бастамасын Елбасы және жалпы қазақстандықтар қолдады. Бастама қалың көпшілік арасында кеңінен таралып, интернет пайдаланушылары өздерінің күнделікті жаттығуларын әлеуметтік желіге жүктеді. Мамандардың есебі бойынша аталған бастама іске асырылған уақыт аралығында 300 мыңнан астам адам жүйелі түрде спорттық жаттығуларға бет бұрды», – деп атап өтті Азбергенов.
Биыл «Samruk-KazynaTrust» бюджеті бұған дейінгідей 15 млрд теңгені құраған жоқ. Қарастырылған қаржы 5 млрд теңгеге аз. Алайда қайырымдылықтың жалпы жылдық сомасы төмендегенімен, компания бенефициарлардың санын және қолға алынған жобалардың сапасын сақтап отыр.
«Біз әлеуметтік маңызды жобалардың сапалы іріктелуіне мүдделіміз. Әлеуметтік жобалар бойынша өтінімдер қарастырылған кезде мәселенің жүйелі шешілуіне басымдық беріп, тиісті шығындардың қажеттігін және олардық мақсатты қолданылуын жіті тексереміз. Жеке тұлғаларға демеушілік жасамаймыз», – дейді Дияс Азбергенов. Мәселені жүйелі түрде шешетін жобалардың бірі жарымжан балаларға арналған дене шынықтырудың оқу-әдістемелік құралын әзірлеу. Бұл әдістеме қазір дәрігерлер, жаттықтырушылар, оқу-ағарту мамандарының қатысуымен әзірленіп жатыр, дайын болғанда Білім және ғылым министрлігіне тапсырылады және жаппай енгізіледі. «Біз бір адамның басындағы жағдайды ғана емес, көпшілікке шарапаты тиетіндей етіп, мәселені жүйелі түрде шешеміз», – дейді ол.
«Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы – Қордың ең ауқымды жобасы. Бастама 2016 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы орналасқан аймақтарда жүзеге асырыла бастады. «Менің елім» – бұл Қордың еншілес компаниялары орналасқан елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті халықтың білім беру, мәдениет, спорт тәрізді өмірдің жоғары сапа стандарттарына қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қолға алынған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырған «Samruk-Kazyna Trust» 2018 жылы бағдарламаны толықтыра түсті. «Менің елімді» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Әрекет» жобасымен толықтырдық, – деп атап өтті ол.
Жоба аясында мамандар коммерциялық емес ұйымдарға әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолдарын үйретеді. Дияс Әзбергеновтің пікірінше, мұндай компаниялар өзінің табысын халықтың әлеуметтік көмекке тапшы топтарына тегін қызмет көрсетуге немесе түрлі жобаларды жүзеге асыруға жұмсай алады.
«Мұндай әдіс бағдарламаны жүзеге асыруда мультипликативті нәтиже береді. Біз «Әрекет» жобасы бойынша 180 коммерциялық емес ұйымның 265 өкіліне әлеуметтік кәсіпкерліктіңнегіздерін үйреттік. 96 коммерциялық емес ұйым өздерінің әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы бастамаларын дамытуға гранттарды иеленді», – деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге «Менің елім» бағдарламасы аясында «Әмбебап спорттық және балаларға арналған ойын алаңдарын орнату» жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы «Samruk-KazynaTrust» 41 әмбебап ойын алаңдарын және 11 воркаут алаңдарын орнатты. Бұл алаңдар бүгінде балалар, жастар мен олардың отбасы жиналатын орынға айналған.
«Өткен жылы «Менің елім» бағдарламасы бойынша еліміздегі 100 коррекциялық мектеп арнайы құрал-жабдықпен, 240-тан астам мектеп спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деп сөзін түйіндеді компанияның бас директоры.
Компания «Дені сау балалар» жобасы бойынша сал ауруына шалдыққан балаларға арналған 3 оңалту орталығына қолдау көрсетеді. Оның екеуі Астанада және біреуі Шымкент қаласында орналасқан. Жалпы онда 1500 жуық балаға медициналық қызмет көрсетіледі. Қор орталықтарды құрылғылармен қамтамасыз етіп, бөлмелерде жөндеу жүргізді және мамандардың жалақысын төлеуге қаржы бөледі.
2013 жылдан бері «Балаларға өмір сыйла» жобасы шеңберінде Қазақстанда емделмейтін күрделі дертке шалдыққан 1124 балаға көмек көрсетілді. Жалпы бұл бағытта 1 198 775 559 теңге тартылды. 2018 жылы қорға 192 өтініш келіп түті, 160 бала емдеуге жіберілді. Оған 282,85 млн теңге бөлінді.
2018 жылы «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» деген 2 медициналық пойыз еліміздің елді мекендерін аралады. Оның аясында 36 000 астам адам тексерілді, жасалған шағын хирургиялық отаның саны 2800-ден асып жығылды. Аталған қос пойыз жалпы Қазақстан бойынша 110-нан астам станцияға ат басын бұрды.
Жыл басында Қор басшылығы «Самұрық-Қазына» әлеуметтік инвестициялармен демеушіліктің ара жігін ажырататынын атап өткен. «Қорымыздың қайырымдылық қызметі жеке көмектен әлеуметтік инвестицияларға бағыт алды. Біздің менеджерлер әлеуметтік жобаларды жоспарлағанда олардың тұтас қоғамға пайдасы тиюін ойлайды. Биылғы жылдың нәтижелері «Samruk-Kazyna Trust» қорының бюджеті қысқартылғанымен, бағдарламалардың сапасы арта түскенін көрсетіп отыр»- деп қорытындылады Әзбергенов.
Татьяна Ковалева, Оксана Давыдова, Астана