arasha.kz

Еліміздің бас экологы биыл су тапшылығы болатынын хабарлады

Биыл қардың аз түсуіне байланысты елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Президент су арналарын цифрландыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды  Arasha.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Кездесуде саладағы өткен жылғы жұмыстың негізгі нәтижелері мен алдағы уақыттағы жоспарлары баяндалды.

Министрдің айтуынша, биыл қардың аз түсуіне байланысты елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Бұл ретте Президент су арналарын цифрландыру жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Алдағы 5 жыл ішінде бүкіл республика бойынша 119 арнаны цифрландыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны жайында айтылды. Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, 10 жыл ішінде балық өндірісін 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар Президентке геологиялық барлау, экологиялық туризм және ұлттық парктердің жай-күйі туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министріне бірқатар нақты тапсырма берді.

Exit mobile version