07-04-21 |
5350 рет қаралған
Еліміздегі жер асты сулары жойылудың алдында тұр.
Еліміздегі жер асты сулары жойылудың алдында тұр

Қазақстанның жер асты сулары мен кен орындарына бақылау жоқ, жұмыс жүйеленбеген. ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты дабыл қақты.

«Елімізде маңызды стратегиялық ресурс бар. Ол – жерасты тұщы сулары. Бүгінгі таңда елімізде тәулігіне 43 млн куб метрден астам су қорын қамтитын 4286 кен орындары бар. Бұл жерасты суларының кен орындары еліміздің 14 облысының аумағында орналасқан. Өкінішке қарай, жерасты суларын пайдалану жүйелі түрде бақыланып, реттелмей отыр. Кезінде қазылған гидрогеологиялық ұңғылар ескіріп, ашық күйінде қалдырылып, бүгінде 2256 апатты гидрогеологиялық ұңғылардан жер асты сулары тоқтаусыз айдалаға ағып жатыр. Кейбір өңірлерде жүздеген ұңғылар жоюды және консервациялауды қажет етеді. Мысалы, Атырауда – 180, Ақтөбеде – 278, Маңғыстауда – 299, Түркістанда – 361 және Қызылорда да – 411. Осындай стратегиялық байлығымыздың реттелмей ағып жатуы, жер асты қорларын орны толмас шығынға ұшыратуда», – деді Сәлімжан Нақпаев Мәжіліс отырысында. 

Оның мәлімдеуінше, 2002 жылы «Еліміздің минералдық-шикізаттық кешені ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, ол бағдарлама 2009 жылы тоқтаған. 

«Сонымен қатар артезиан ұңғылардан аққан сулар сол аумақтың экожүйесіне айтарлықтай әсер етуде. Атап айтқанда, топырақтың тұздануына, батпақты жерлердің ұлғаюына, өсімдіктердің жойылуына және қолдан жасалған тоғандардың пайда болуына әкеліп отыр», – дейді ол. 

Өз сауалын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға жолдаған Мәжіліс депутаты Үкіметке бағдарламаны қайтадан жандандырып, жерасты суларын стратегиялық ресурстар ретінде сақтау үшін қаржыландыру керектігін айтты. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.