Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін ластағандар жауапқа тартылды. Экология департаменті Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің ластану фактісі бойынша тексеру жүргізді.
ШҚО Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты «Шандыбұлақ» учаскесіндегі рейд кезінде жеке кәсіпкер Сергей Хван өз еркімен алтын өндіргені анықталды.
«С.А. Хван» жеке кәсіпкер өкілдері жақында сот қаулысын орындау үшін Қалжыр өзенінің арнасы мен жайылмалы бөлігіндегі, сондай-ақ Шандыбұлақ бұлағындағы заңсыз салынған бөгеттер мен тоғандарды бұзған. Соның әсерінен Қалжыр өзенінің негізгі арнасына түскен ұсақ құмды топырақ оның едәуір аумағын ластаған. Лай тұнбалы лас су өзен ағысымен біршама қашықтыққа жайылып, 53,3 мг/м3 дейінгі қалқыма заттармен ластануға әкелді», – деп хабарлады экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Өзенді одан әрі ластауға тосқауыл болу үшін заңсыз құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары тоқтатылды.
«Табиғи суларды сынау хаттамаларына сәйкес, зиян шеккен су айдынындағы ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жер үсті суларының сапасы қалпына келтірілді», – делінген министрлік ақпаратында.
Күршім ауданының №2 аудандық соты мен ШҚО экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндіру үшін берілген лицензиялары кері қайтарылды. Оларға алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей нысандарды өз бетінше салғаны үшін жаза қарастырылған.