02-11-20 | 19:04
Екпіндіде ештеңе жоқ: Меморгандар жалған ақпарат таратуды доғарсын!.
Екпіндіде ештеңе жоқ: Меморгандар жалған ақпарат таратуды доғарсын!

Бүгін елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партия белсенділері жүргізген ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету мониторингінің қорытындысы бойынша түсініктеме берді. Бұл туралы baq.kz жазады.

«Ең алдымен айтарым, мемлекеттік органдар жалған ақпарат беруді доғаруы керек. Қолдан жақсы статистика жасап, жақсы көрінудің қажеті жоқ. Халық бәрін көріп, біліп отыр. Біз қанша жерден «жағдайымыз жақсы» дегенімізбен, кемшін тұсты халық байқамай қоймайды. Біз бүгін «Ауыл» партиясының мониторингтік тобымен бірнеше ауылдағы интернет желісінің жұмысы жөнінде рейд өткізіп, мониторинг жүргіздік. Қызметкерлеріміз қазір де сол ауылдарда. Дәл қазір Қорғалжын және Целиноград аудандарына қарасты 6 ауылда біздің мамандар жұмыс істеп жатыр. Сол ауылдардағы интернеттің сапасы да, саны да, деңгейі де өте төмен екеніне тағы көз жеткізіп отырмыз. Мысалы, елордаға жақын орналасқан Оразақ ауылының жарты бөлігінде интернет бар, жартысында жоқ. Тіпті, осыдан 5 жыл бұрын су алып, жаңадан салынған мөлтек аудан бар, соның өзінде байланыс та, интернет те жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?!», – дейді ол.

Партия төрағасының айтуынша, Қорғалжын ауданына қарасты Екпінді ауылында да интернетпен қамту мәселесі мәз емес.

«Екпінді ауылында дәл қазір не байланыс, не интернет, не мектеп жоқ. Ел астанасынан 50-60 шақырым жерде орналасқан ауылдардағы жағдай осындай болса, онда басқа жерде не болып жатыр? 60 шақырым жердегі ауылда мектеп жоқ болса, 600 шақырым жердегі ауыл мектептерінің жағдайы қалай? Міне, осы мәселелер көп ойландырады. Мүмкін біздің министрлер кабинеттерінде отыра бермей, ауылдарға шығып көрсе дұрыс болар ма еді деген ой келеді. Ауылдарда мектептер неге жабылып жатыр? Неге интернет, байланыстың жұмысында кедергі бар? Осы мәселелердің төңірегінде министрлер өздері жүріп қадағаласа, біраз дүние өзгерер еді,» – деді Әли Бектаев.

 

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.