23-09-22 |
Елімізге биыл 1,6 млн Ресей азаматы кірген.
Елімізге биыл 1,6 млн Ресей азаматы  кірген

Қазақстан Республикасына келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі мәлімдеме жасады.

“Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады. Мигранттарды тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы тараптардың мәліметтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алатын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы түсетін мәліметтері негізінде жүзеге асырады», – дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.

Статистикаға сүйенген ол биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткенін айтты, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен. Олардың уақытша болуы есепте екен.

«Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады. Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған», -деді ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk