12-08-22 |
Елбасы туралы конституциялық заң әлі күшін жоймаған.
Елбасы туралы конституциялық заң әлі күшін жоймаған

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заң әлі күшін жоймаған. Себебі аталған заңның күшін жою туралы нормативті-құқықтық акт әлі қабылданбаған. Ондай нормативті-құқықтық актіні парламент қабылдамаған.

Белгілі заңгер Абзал Құспан arasha-ға берген пікірінде нормативті-құқықтық актілер базасынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жою туралы нормативті-құқықтық акті жоқ екенін растады. Парламент депутаттары жазғы демалысқа кетпес бұрын елбасы туралы заңның күшін эою мәселесін қарамағаны да мәлім.

Абзал Құспанның пікірінше, дәл осы техникалық мәселе Назарбаев тобы мен қазіргі билік арасындағы саяси сауданың көзірі болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ заңгер заң күшін жоймаса, Назарбаев отбасы мүшелеріне қатысты іс қозғап, оларды жауапкершілікке тарту мүмкін емес.

Маусым айында өткен конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша референдумда конституциядан тұңғыш президент туралы жеке заң болуы керек деген норма алынып тасталған. Алайда ол әлі күшін жойған жоқ. Сондықтан да өз күшін сақтап тұрған заң бойынша, Назарбаев әлі елбасы әрі тұңғыш президент болып есептеледі.

Референдумнан соң, әділет министрі Қанат Мусин: «Конституциядан Тұңғыш Президент туралы жеке заң болуы керек деген норма алынып тасталғандықтан, тиісінше бұл заң да алынып тасталуы тиіс. Бұл енді қабылданған Конституциядағы өзгерістерге сәйкес кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы аясында жүзеге асырылады. Ол биыл Парламенттің қарауына ұсынылады», – деген еді. Алайда елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасы парламентке әлі ұсынылған жоқ.

Бүгін экс-президент Н.Назарбаев Астанада жаңа мешіттің ашылуына қатысты. Оның жанында бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, бұрынғы әкімдер: Амандық Баталов, Бердібек Сапарбаев және Әділбек Жақсыбеков жүрді.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk