Электронды қызметке жүгіну арыз-шағымның қаралуын тездетеді.
Электронды қызметке жүгіну арыз-шағымның қаралуын тездетеді

Қылмыстың көбеюі қоғамның дамуын тежейді. Ал, ортада орын алған олқылықтардан дер кезінде хабар алмай, кейбір қылмыстардың тіркелмей тасада қалуы елдегі қылмыстық ахуалдың нақты бейнесін жасауға, заңсыздықтардың алдын алуға  кедергісін келтіретіні тағы анық. Мұның соңы қылмыстың көбеюіне жағымды жағдай жасап қана қоймайды, сонымен қатар, қарапайым халықтың күштік құрылымдарға, құқық қорғаушыларға деген сенімсіздігін тудырады. Әрбір ата-ана баласының болашағына, кәсіпкерлер өз бизнесіне, жұмысшылар ертеңгі күніне алаңдамас үшін қоғам қылмыстан ада, жемқорлықтан, сыбайластықтан биік тұруы керек. Осы тұрғыдан алғанда прокуратура органдары тарапынан заңсыздықтың алдын алып, қауіпсіздікті арттыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынып, жаңа бастамалар өмірге енгізіліп жатыр. Оның нәтижесі де жоқ емес. Айталық, 2016 жылы прокуратура қызметкерлерінің қадағалауының арқасында тіркелген қылмыстардың саны 57 пайызға дейін өсті. Ал тіркелген ауыр қылмыстар саны 30 пайызға, аса ауыр қылмыстар легі 19 пайызға көбейген. Мұның өзі құқық бұзушылықты тіркеуде  бұра тартулардың болып келгенін айғақтап тұр. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің негізгі мақсаты орын алған қылмыстарды дер кезінде тіркеп, есебін шығару болса, алдыңғы деректер бұл бағытта жұмыстардың жандана түскендігінен хабар берсе керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында көпшіліктің мемлекеттік қызметте жедел әрі кедергісіз пайдалануына жағдай жасау, электронды қызмет көрсету саласына жете көңіл бөлу керектігін баса айтты. Электрондық қызмет көрсету саласында да прокуратура органдарының жұмысы жүйелі жолға қойылған. Көпшіліктің жазған арыз-шағымын электрондық әдіспен қабылдап, арнайы есепке қою ісінде де алға басушылық бар. Басында үлкен күманмен қабылданған бұл бастама қазір өзінің тиімділігін, керек екендігін дәлелдеді. Қылмысты жасырып қалудың алдын алатын жаңа жүйе қоғамдағы заңсыздықтың шынайы бет-бейнесін ашуға көмектесіп отыр.  

“Интернет арқылы құқық қорғау органдарына хабар және талап-арыз берудің электрондық порталы” деп аталатын бұл жобаның көмегімен қазір электрондық қолтаңбасын заңдастырған азаматтар өз шағымдарын интернет арқылы жолдай алады. Тағы бір ерекшелігі, порталға жазылған арыз-шағым автоматты түрде прокуратураның электрондық есебіне тіркеледі. Әрі жаңа деректің тасада қалуына, жасырылуына жол бермейді. Сонымен қатар, арыз берген азаматтардың  ұялы телефондарына хабарлама жолданып, шағымның қай нөмірмен, қашан тіркелгені жөнінде ақпараттың беріліп тұруы да көпшіліктің күштік құрылымдарға деген сенімін арттыра түсері анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.