14-10-20 | 10:21
Ерлан Сағадиевті Қазақстаннан шығармай отыр.
Ерлан Сағадиевті Қазақстаннан шығармай отыр

Жуықта елордалық адвокат Әкім Адай өзі мүддесін қорғайтын экс-министр Ерлан Сағадиевтің АҚШ-қа кете алмай жүргенін фейсбуктегі парақшасында жариялады. Бұл туралы «Время» газеті «Американская мечта» деген тақырыппен мақала шығарған болатын. Қызметін асыра пайдаланды деген білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларын тексеріп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері оған шекара асыға тыйым салыпты. Құқық қорғау органдары бұл істе Сағадиевтен куәгер ретінде жауап алып жүрген көрінеді. Осыдан кейін Әкім Адай экс-министрге қойылған шектеуді алу үшін тергеу сотына жүгінген. Адвокат «Сағадиевке шұғыл түрде АҚШ-тағы оқуын жалғастыру қажет» деген себепті алға тарқан. Судья Талғат Ақшабаев қорғаушының талабын қанағаттандырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке құжатты шекара қызметіне жөнелтуді міндеттеді. Ерлан Кенжеғали ұлы елден кету үшін неге шу шығарып, әлеуметтік желілерге жар салды? Жасы 54-ке келген бұрынғы шенеунік неге білімге құштар болып қалған? Шетелге кетуге неге соншалықты асықты? Желі пайдаланушылары мен қоғам белсенділері осы сауалдарды қызу талқылап жатыр.
Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің цифрландыруға бөлінген қыруар қаражаттың жоғалуына байланысты істі тексеріп жатқаны белгілі. Бұрынғы білім және ғылым вице-министріне 5 миллиард теңге ұрлады деген күдік тағылған. Бұл тұста қазынаның қомақты қаржысы игерілгенде Сағадиев неге бақылау жасамаған деген сұрақ туындайды. Сонымен бірге жуықта Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры мен бухгалтері 1,7 миллиард теңге жымқырды деп айыпталып 8 жылға сотталды. Бұл жоғарғы оқу орны Сағадиевтердің отбасылық бизнесі.
Ерлан Кенжеғали ұлы мемлекеттік қызметке бармай тұрып университетті 2009 бен 2012 жылдардың аралығында басқарған. Бұрынғы ректор мен бухгалтер білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік грантқа бөлетін қаражатын қымқырып, қымбат үйлер, автокөліктер, фирмалар сатып алған. Ең қызығы бұл қылмыстардың барлығы Ерлан Кенжеғали ұлы ведомствоны басқарып тұрған кезде жасалған екен. Шекара асып АҚШ-қа кеткелі жүрген экс-министрдің бұрынғы істеріне қатысты секем көбейіп барады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk