Facebook пен министрлік сөзі қарама-қайшы шықты.
Facebook пен министрлік сөзі қарама-қайшы шықты

1 қарашада ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebookпен бірлескен мәлімдеме таратты. Онда зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келгені айтылған. Алайда Meta Platforms (Facebook) компаниясының Азия Тынық мұхит аймағы бойынша саяси коммуникация директоры Бен Макконахи Қазақстан үкіметімен ешқандай бірлескен мәлімдеме болмағанын reuters-ке айтқан.

«Біріншіден, біз қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарған жоқпыз. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады» деген Бен Макконахи reuters-ке берген жауабында.

Компания өкілінің айтуынша, мұндай нәрсе тек Қазақстан ғана емес, әлем үкіметтерімен талқыланып жатыр.

Ал ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Facebookпен бірлескен мәлімдемесі төмендегідей:

«Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді. CRS Министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы ел болып табылады.

Facebook компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Джордж Чен мырзаның мәлімдеуінше: Facebook Қазақстан Үкіметімен, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысқа ұмтылады. Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы ретінде біз Қазақстан Үкіметіне уәкілетті органдарға зиянды контентпен неғұрлым тиімді және пәрменді күресуге көмектесетін «Контентті хабарлау жүйесіне» қол жеткізуге қуаныштымыз. Facebook командасы киберкеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды жалғастырады».

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өз тарапынан, Facebook-пен екіжақты ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтеді.

А.ж. 28 қазанында Facebook командасы Министрліктің мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша жұмыс бойынша тренинг өткізді. Қараша айының басынан бастап Министрлік жүйеде жұмыс істей бастайды.

Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде Министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.

Министрлік «Контентті хабарлау жүйесін» пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреді».

Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасы парламент қаралып жатыр.

Мәжіліс әлеуметтік желілерді бұғаттайтын заң жобасын мақұлдады

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.