10-12-18 | 12:49
“Трампқа бізді жайымызға қалдырыңызшы деп айтқым келеді”.
“Трампқа бізді жайымызға қалдырыңызшы деп айтқым келеді”

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив ле Дриан АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-де Париждегі тәртіпсіздіктер туралы бірнеше твит жазған соң оны елдің ішкі ісіне килікпеуге шақырды.

“Дональд Трампқа бізді жайымызға қалдырыңызшы деп айтқым келеді. Президент те осыны айтады” деді Дриан француз телеарналарының біріне берген сұхбатында. Ол Францияда ешкім АҚШ-тың ішкі саясатына комментарий бермейтінін айтып, серіктес елдерді мұндай мәселеде бір-бірін құрметтеуге шақырды.

Өткен сенбі күні Парижде биліктің экономикалық саясатына қарсы “сарғылт жилетті” демонстранттар полициямен тағы да қақтығысқан. Францияда акциялар барысында 1700-ден астам адам ұсталып, 100-ден астамы жараланған.

Бұған дейін билік сенбіде тәртіпсіздіктер болуы мүмкін екенін және ондай іс-әрекеттерді басу үшін барлық шараларды қолданатындығын ескертіп, қауіпсіздік шараларын күшейткен. Париж көшесінде тәртіпті қамтамасыз етуге осыған дейінгіден әлдеқайда көп – 8 мың полиция қызметкері жұмылдырылған. Бүкіл ел көлемінде 89 мың полиция өкілі кезекшілік атқарған.

Парижде Эйфель мұнарасы, Лувр және өзге мұражайлар мен көпшілік баратын сауда орындары уақытша жабылған. Президент сарайына барар жолдарда күзет күшейтіліп, парламент ғимаратының қасына беренді техника қойылған. Елдің бірнеше қаласы мен Монакода өтуі тиіс футбол ойындары кейінге қалған.

Трамп Twitter-де Франциядағы жағдайға білдірген комментариінде наразылық шерулеріне климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі Париж келісімі себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, келісімді орындау салықты көбейтуге әкеліп соқтырған. “Париж келісімі Париждің өзінде іске аспай қалды” деген Трамп наразылық акцияларына қатысушылар “Трампты қолдаймыз!” деп ұрандатқанын айтты. Бірақ наразылық акциясына куә болғандар демонстранттардың бұлай ұрандағанына шүбә келтіреді.

Басқа да француз саясаткерлері Трампты сынады.

“Сарғылт жилеттілер” қозғалысы биліктің жанармай салығын қымбаттатуына қарсылықтан басталған. Кейін Франция билігі жанармай салығын өсіруге мораторий жариялаған, алайда наразылар президент Эммануэль Макронның экономикалық саясатына қарсылық акциясын жалғастыра беретіндерін мәлімдеген. Билік наразылық акцияларын қоздырып отыр деп әсіреоңшыл және әсіресолшыл күштерді айыптайды.

АҚШ Дональд Трамптың ұсынысымен әлемнің түгелге жуық мемлекеті қол қойған Париж келісімінен шығып кеткен. Франциядағы наразылық акцияларында Париж келісімінің өзіне тікелей қарсы ұран айтылмайды. Алайда, биліктің жанармай салығын көтеру ниеті ауаға тарайтын көмірқышқыл газы көлемін азайту міндеттемесімен жанама байланысы бар болуы мүмкін.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.