«Халық – қазы, еңбек – таразы».
«Халық – қазы, еңбек – таразы»

Досжан ӘМІРОВ, Ақмола облыстық сотының төрағасы:

 – Қазақстандық сотты дамытып, азаматтардың үшінші билікке деген сенімін нығайту мақсатында қолға алынған бастамалар аз емес. Бірақ, кез келген жаңалық халықтың көңілінен шыққанда ғана өміршең. Ендеше, жаңа реформалар қоғамның талабын қанағаттандырады деп ойлайсыз ба?

– Елбасымыз биылғы 5 қазандағы халыққа арнаған Жолдауында «Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн» – деп, сот жүйесін электронды қызмет көрсетуге көшірудің маңыздылығын атап өтті. Жұмысты оңтайландырып, жеделдігін арттыратын және адам факторын азайтып, жемқорлық сияқты келеңсіздікке жол бермейтін электронды қызметке көшу мәселесіне Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов үлкен мән беріп, аймақтық соттардың алдына жеті негізгі міндет жүктеген еді. Осы бағытта Ақмола облыстық соты да ауқымды жұмыстар атқаруда.

Атап айтар болсақ: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топқа біріктірілген мақсатты жұмыстар бүгінде сот саласының дамуына жұмыс істеуде. Аталған жобалар негізгі ортақ міндет – қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағдарланған.

– Жеті бағыт бойынша қолға алынған жұмыстар көңілден шығып жатыр ма?

–  Аталған жеті бағыттың бірі «Е-СОТ» жобасының негізінде сот саласында дыбыс-бейнетіркеу жүйесін қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. Тараптар сотқа келмей-ақ сот мәжілістеріне қатыса алады. Адамдардың үйінде, жұмысында немесе шетелде жүріп те сот мәжілістеріне гаджет арқылы қатысуына жағдай жасау қарастырылған. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық сот толық ғаламторға қосылған. Сот қызметін электрондық жүйеге көшіру бағытында облыстық сот бірнеше қанатқақты жобаларды қолға алуда.

– Ол қандай жобалар? Мақсаты мен міндеттеріне тоқтала кетіңізші.

Мәселен,«Түнгі сот» пилоттық жобасы. Ақмола облысының мамандандырылған әкімшілік сотында 2018 жылдың 27 шілдесінде «Түнгі сот» пилоттық жобасы Ақмола облыстық сотымен Ақмола облысы бойынша жергілікті полиция қызметі арасында меморандумға қол қою арқылы іске қосылды. Келісім көлік және көліктік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жылдам қарастыруға бағытталған. Бұл тараптар сендіргендей, жол апатынан зардап шеккендерге мүмкіндігінше қысқа мерзімде (құқық бұзушылық жасаған сәттен бастап 24 сағат ішінде) соттың шешімін алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қолданысқа енді енгізілген «Судьяның көмекшісі» жобасының мақсаты сот жұмысының тиімділігін,  сот төрелігі сапасын жақсарту, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру, судьяларды техникалық және әкімшілік жұмыстан босату. Жоба аясында Ақмола облыстық сотымен арнайы қағида бекітілді. Жобаға  Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты және Көкшетау қаласының соты таңдап алынды. Жобаны іске асыру үшін Көкшетау қалалық соты төрағасының өкімімен азаматтық істерді қарайтын 12 судьяға мамандандыру белгілеп, 5 санатқа бөлінді. Пилоттық жоба басталғаннан бері Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мен Көкшетау қаласының соты судьяларымен 1700-ден астам іс қаралды.

Соттар әкімшісі аудандық және оларға теңестірілген соттармен бірлесіп, «Виртуалды сот» жобасын іске асыру мақсатында сотқа жиі келетін және істер қаралатын елді мекендер азаматтарының тізімін құрды. Соның негізінде жергілікті аудандық әкімдіктермен виртуалды сот отырыстарын жүргізу үшін селолық әкімдіктердегі кабинеттерде бұрыш ашу және жабдықтауға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

– Сот жүктемесінің көптігі жиі айтылады. Бұл жұмыстың сапасын ғана төмендетіп қоймай, істердің тыңғылықты қаралуына да кедергі келтіретін жағдай. Өркениетті елдерде дауды сотқа жеткізбей, тараптарды татуластыру арқылы шешу үрдісі жолға қойылған. Бізге неге осы тәжірибені дамытпасқа?

– Бітімгершілік қазақтың қанында бар. Бірақ, кеңестік саясаттың салқынымен сол дала заңынан ажырап қалдық. Қазіргі кезде осы олқылықтың орнын толтырып, дауларды медиациямен шешуге қадам жасалуда. Медиация туралы арнайы заңның қабылданғанына биыл 8 жыл. Одан бөлек Азаматтық процестік кодексте де татуластырудың тәсілдері көбейген. Яғни, бізде тараптарды татуластыру арқылы дауды азайтуды, ел ішіндегі береке-бірлікті сақтауды көздейтін іс-шаралар соңғы сегіз жыл ішінде үздіксіз жүргізіліп келеді. Жоғарғы сот төрағасы осындағы сот төрелігін дамытудың жеті түйінінде де бұл мәселе қалыс қалмаған. Бұл жоба «Татуластыру: Сотқа дейін, сотта» деген атпен таныс.

Аталмыш жоба бойынша 6 судья мамандандырылды. Сонымен бірге, арнайы курстардан өткен 11 судьяның медиатор куәлігі бар. Осы пилоттық жоба бойынша 392 іс медиация тәртібімен қаралды. Бұл бастамашылық өзін-өзі ақтап отыр. Өйткені, Атбасар аудандық сотына 2018 жылдың 28 қыркүйегіне дейін медиативтік келісім шаралары ретінде 31 талап арыз түсті. Бұл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда көп. 

«Соттан тыс татуластыру шаралары» жобасы негізінде Ақмола облысы бойынша соттан тыс татуласу бойынша екі татуласу орталығы, 33 медиация кабинеті бар. Бұдан басқа  Қазақстан халықтары Ақмола ассамблеясында бір медиация кабинеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар, 31 билер кеңесі құрылды. Бұлардың бәрі де ұсақ-түйек дауларды сотқа дейін шешеді.

– Отандық соттар отбасылық құндылықтарға мән беріп, некені сақтауды, бала құқығын тыңғылықты қорғауды назарынан тыс қалдырған емес. «Отбасылық сот» жобасының қолға алынуы елдегі «шағын мемлекеттер» мәселесінің қордалануынан туындаған жоқ па?

 Соңғы жылдары ажырасудың көбейгені рас. Кеше үйленіп, бүгін жаырасқалы отырған жастардың ортадағы балалар тағдырына да алаңдамайтыны байқалады. Мұндайда не істеу керек? Ұлттық тәрбиеге қалай ұйыта аламыз? Соған орай «Отбасылық сот» жобасын қолға алып отырған жайымыз бар. Сонымен бірге, некелік-отбасылық дауларды шешу барысында азаматтар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын тиімді түрде қамтамасыз ету мақсатында, «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» ҚР Конституциялық заңының 14-бабы 1-тармағының 8-ші тармақшасына сәйкес, Ақмола облысының Көкшетау қалалық соты мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты негізінде «Отбасылық сот» пилоттық жобасы 2018 жылдың 19 қарашасынан жүзеге асырыла бастады. Бұл соттарға 4 судья бекітілді. Жыл соңына дейін Көкшетау қалалық сотында 38 неке бұзу туралы, 6 алимент өндіру бойынша, 3 мүлікті бөлу жөніндегі істер қаралды. Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотында 3 іс қаралды.

Қолға алынған жобалардың бәрі сот төрелігі сапасын жақсартып, жеделдігін арттыруға, ең бастысы қолжетімді етуге бағытталған. Оларды іске асыру сот жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, қарапайым халықтың сот билігіне деген сенімін арттырады. Бұның бәрі Елбасы белгілеген сот саласын заман талабына сай дамытудың көрінісі және Тәуелсіз еліміздің сотын жаңа сатыға көтеруге игі ықпалын тигізбек.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет.

 Сұхбаттасқан Н.Шынтаев

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.