09-07-20 | 21:53
“Халық пен билік арасын ушықтырушылар да бар ма деп күдіктенем”.
“Халық пен билік арасын ушықтырушылар да бар ма деп күдіктенем”
фото: facebook.com/oimanbulak
8 шілде күні президент Тоқаев коронавирустың өршуіне қатысты елде қалыптасқан жағдайға орай үндеу жасады. Президенттің үндеуін қоғам қайраткерлері дер кезінде жасалған қадамға балап, ел үшін маңыздылығын атап көрсетуде. Мәселен, президент 13 шілде – коронавирустан қаза болған адамдарды еске алудың жалпыұлттық аза күні болып жарияланатын айтты. Төменде президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ақын Ауыт Мұқибектің президент үндеуіне қатысты пікірін жариялап отырмыз.
Ауыт Мұқибек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ақын: 
– Президент Үндеуін тыңдап отырдым.
Жүрек қатты сыздап ауырып тұрғанда, қаралы күн жариялағаны жақсы болды деп есептеймін. Бұл қаралы отбасылардың көңіліне медеу. Себебі, өлі разы болмай, тірі байымайды деген Ұлы сөз бар қазақта.
Ал, әкімдер мен министрлер міндетті түрде кеткен қателікке жауап беру керек! Президент бұл туралы қадап тұрып айтты. Мен де кеше осы есеп алу туралы жазып ем. Ауру басталғанда маска болған жоқ. Бәрін шетелге сатып жіберген. Дәрігерлердің қорғану киімі тапшы болды. Бары сапасыз болды. Біз дәрігерлерді жауға мылтықсыз айдап салғандай болдық. Көбі індет жұқтырды. Обал!
Мен үш депутатқа шығып, ватцабына айттым. Ауылдардан бетперде мен қорғану киімін тігетін шағын цехтар ашуды Мәжілістің төрінен көтерулерін сұрадым. Құжат жиюды қоя тұрсын. Керек болса, әкімдік өзі жасап берсін құжаттарын деп. Ақша шетке кетпейді, отандық өнім өнеді. Үкімет заказ беріп, өнімді сатып алсын дедім. Нәтиже болмады.
Менің де сол депутаттардан есеп алғым келіп отыр.
Енді, дәрі-дәрмекке келсек, менше елімізде дәрі-дәрмек жоқ емес, бар. Тойымсыз қорқаулар қолдан тапшылық жасап, ақша тауып қалуды көздеп отыр деп ойлаймын. Тағы бір ойым, әдейі осылай істеп, халық пен билік арасын ушықтырушылар да бар ма деп күдіктенем.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндайлармен күресті бастадым деді. Билік пен қоса, олармен халық та қоса күресуі керек. Жариялылықты күшейткені жөн. Қазір Президент аппараты мен Баспасөзі бұл мәселені жіті бақылап, Президентке дер кезінде жеткізіп отыр. Оған айтар уәж жоқ.
Ең бастысы, халық, үкімет болып бірге күресу керек!
Президенттің талабы да осы деп ойлаймын!
Амандық болсын!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.