«Халықпен бірге болғым келеді»: Қоғам белсендісі «Нұр Отанға» мүше болудан бас тартты.
«Халықпен бірге болғым келеді»: Қоғам белсендісі «Нұр Отанға» мүше болудан бас тартты

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, қоғам белсендісі Біржан Қожақовтың видео үндеуі желіде тарап кетті. «Ғибадат» ЖШС-ның директоры, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы өтіріктен шаршағанын айтқан.

«Сіздерге жаңалық айтқым келеді.  2-3 күннен бері әбден ойланып, нақты шешімге келдім. Бұл шешім – «Нұр Отан» партиясынан өз еркіммен арыз жазып кету. Қазір сол «Нұр Отан» ғимаратына барып, «Нұр Отан» партиясынан шығу жөнінде арызымды жазып, халықпен бірге болғым келеді. Өтіріктен әбден шаршадым», – дейді ол.

Әлеуметтік желіден билік партиясына деген халық наразылығын жиі көріп жүргенін айтқан қоғам белсендісі  «Қарызым болмасын» деп  партия берген төсбелгі,  партиялық билет, үгіт –насихат киімдерін кері тапсыратынан айтқан.

«Байлық не керек адалдан жасамасаң, билік не керек әділдік құрмасаң» деген сөздің жаны бар. «Нұр отаннан» кетем деп шешім қабылдадым. Не болса да халықпен бірге болайын. Мен тек бір нәрсені түсіндім. «Нұр Отан» партиясының мәжілісте, сенатта отырғандардың көпшілігі зейнеткерлер. Олар лауазымды басшылар, бұрынғы министр, вице- министр болғандар. Мүгедектер үшін мәжіліс, маслихаттар  жабық секілді. Екі аяғымыз кесілгесін, ақылымыз да қысқаратын болып тұр. Меніңше, ойлары солай сияқты. «Қаланған кірпіш кәдеге асқанын, қағылған шеге орнын тапқанын, жігіттің халыққа жаққаны -шырақ жаққаны деген сөз бар. Халқым аман болсын, ел аман болсын! Әділдік орнасын!»- дейді видео үндеуде.

«Алтын жүрек» марапатының иесі Біржан Морякұлы 2017 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған.

2015 жылы ол «Демеу» мүгедектерді қорғау қоғамының негізін қалады, ондағы мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарды қолайлы жұмыс орнымен қамтамасыз ету және жаңа мамандықтарға оқыту арқылы өмірдің барлық салаларында тең жағдай жасау болатын. 

Біржан Қожақов  – 2002 жылы қызметтік міндеттерін орындау барысында екі аяғынан айрылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.