04-02-21 | 12:29
Халықты баспанамен қамтамасыз етуде Көлгінов көш бастады.
Халықты баспанамен қамтамасыз етуде Көлгінов көш бастады

Ел экономикасын дамыту жолында қазынаға қаржы құйып, халықты мазалаған баспана мәселесіне күш салған аймақтар рейтингісі шықты. 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй  салудан Нұр-Сұлтан қаласы көш бастады. Көлгінов әкімдігі мемлекеттік бюджетке қаржы құйған өңірлер қатарының алғашқы үштігінде, деп хабарлайды  Arasha.kz.

Журналист Халима Бұқарқызы 2020 жылдағы аймақтардың экономикалық рейтингісін шығарды. Материал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында жарияланған экономикалық көрсеткіштерді негізге алып жасалынған.

Онда  5 бағыт бойынша:

– өңірлердің мемлекеттік бюджетке құйған кірісі

– пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы

– ауыл шаруашылығы саласындағы табыс

– инвестиция көлемі

-өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіш жасалған.

15,3 МЛН ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙДІ КІМДЕР САЛДЫ?

Қазақстандықтар үшін өзекті мәселенің бірі – баспана.   «Өз үйім – өлең төсегім» болса  деген   тұрғындар арманын әкім-қаралар қалай орындап жүр?  Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше,  2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда жалпы алаңы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй  пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,8%-ке жоғары.

Баспанамен қамтамасыз ету рейтингінде – Нұр-Сұлтан, Қарағанды облысы, Шымкент қалаларындағы жұмыс қарқыны жоғары.

МЕМЛЕКЕТ ҚАЗЫНАСЫНА КІРІС ӘКЕЛГЕН ӨҢІРЛЕР

Қаңтар айының ортасында Қаржы министрі Үкімет отырысында мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге сомасында кіріс түскенін,  жоспар  102,7%-ке атқарылғанын, ал республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге сомасында кіріс түсіп,  жоспар 100,3%-ке орындалғанын мәлімдеді. Алайда мемлекеттік бюджетке қаржы құйған өңірлер кірісі туралы ақпарат айта алмады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің ресми сайтында да 2020 жылы жиналған салық туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ. Сол себепті  2020 жылдың қараша айының соңындағы бюджет кірістерін қарастыруды жөн көрдік. Біз түзген кестеде мемлекет қазынасына қаржы құюдан алғашқы үштікке Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысы кірді.

Кесте соңында Мемлекеттік кірістер комитетінің түрлі кедендік алымдардан жиған кірісін де келтірдік. Себебі ол қаржы да бюджетке түседі. Алайда комитет өңірлер рейтингіне қатыстырылмайды.

Анықтама: Республикалық бюджет пен жергілікті бюджет мемлекеттік бюджетті құрайды. Республикалық бюджет пен  жергілікті бюджет салық түсімдерінен, салық емес түсімдерден және негізгі капиталды сатудан түскен кірістен жасақталады.  Мұнайдан түсетін кіріс бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылады. 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА БАСҚАН АЙМАҚТАР

2020 жылы ауыл шаруашылығы 5,6% өсім көрсетті. 2019 жылы жоспар -0,1% орындалмап еді. Ал былтырғы өсім азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Өсімдік шаруашылығы 7,8%, мал шаруашылығы  3%-ке өсті. Қостанай мен Ақмола облыстары жоғары өсім көрсетсе, Маңғыстау  мен Батыс Қазақстан  облыстарында төмендеу тіркелді.

Ескерту: бұл рейтингте Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары қатыстырылған жоқ.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ИКЕМДІ ӨҢІРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр өңірлердің көбінде жоғары инвестициялық белсенділік байқалды. 12 өңірде инвестиция өсті, оның ішінде 5 аймақта 20%-тен 60%-ке дейін өсу тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан (59,4%-ке) облысы мен Шымкент қаласында (40,9%-ке) байқалды. 5 өңірде көрсеткіш төмендеген.

Тұтастай алғанда, негізгі капиталға 12,3 трлн  теңге инвестиция тартылды. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда инвестиция 14,8%-ке өсті.

ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ӨРЛЕТКЕНДЕР  

Өңдеу өнеркәсібі бойынша 12 аймақта былтыр жоспар орындалып, соның есебінен бұл саладағы өсім 3,9% құрады. Өндіріс Қостанай, Ақмола  және Солтүстік Қазақстан облыстарында артқан. Ал 4 өңірде көрсеткіш төмендеген.

Жоғарыда 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қосқанда 17 өңірдің жұмысы сарапталды. Өңірлердің 5 бағыт бойынша атқарған жұмысына 1-17 аралығында ұпай қойылды. Мысалы, бір бағытта көш бастаған өңірге 17 ұпай, екінші орындағы өңірге 16 ұпай, сәйкесінше аутсайдер өңірге 1 ұпай берілді. Әр өңірдің 5 бағыт бойынша жиған ұпайын қосып, рейтинг қорытындысы шығарылды.

Сонымен…

2020 жылы біз атаған 5 бағыт бойынша Ақмола облысы үздік өңір атанды. Ол 5 бағыт бойынша 58 ұпаймен алға шықты. Екінші орынға 57 ұпай жинаған  Нұр-Сұлтан қаласы жайғасты. Ал үшінші орынды 55 ұпайы бар Қарағанды мен Қостанай облыстары бөлісті.

Қызылорда облысы, өкінішке қарай аутсайдер өңір атанды. Президент апта бұрын өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет жетекшісіне дәл осы Қызылорда облысына қамқорлық жасауды жүктеген еді. Бекер емес екен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk