02-12-20 | 12:10
«Хан Кененің ескерткішінен ел басқарған, қол бастаған ханға сай әлеует көрмедім».
«Хан Кененің ескерткішінен ел басқарған, қол бастаған ханға сай әлеует көрмедім»

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев соңғы екі-үш айда «Қазақ халқына – мың алғыс» және «Biz Birgemiz» сынды қос бірдей монумент ашты. Алайда Меркі ауданында соңғы екі жылдан бері дау болып келе жатқан Хан Кенеге әлі ескерткіш қойылған жоқ. Монумент ашқанда алдына жан салмайтын әкім қазақтың соңғы ханы Кенесарыға келгенде неге тарылып қалды?

2018 жылы Меркі ауданының азаматтары Хан Кенеге арнап, өз қаражаттарына ескерткіш орнатқан болатын. Аз ғана қаржыға тұрғызылғандықтан аталған ескеркіш қазақтың соңғы ханына лайықты емес. Сондықтан да жергілікті әкімдік «Ханның ескерткішін алып тастаймыз» деп қарапайым халықты әбден састырған еді. Алайда ұзақ айтыс-тартыстан кейін жергілікті билік хан Кенеге арнап ескерткіш тұрғызуға мәжбүр болды.

Соңғы екі жылдан бері облыста Жамбыл Жабаевтан бастап, Тектұрмас, Кенен Әзірбаев, Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш орнатылды. Бір қызығы Кенесары ханға ескерткіш орнату жұмыстары тым кешеуілдеп кетті.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Мәдениет және өнер бөлімінің Бас маманы Ғани Нүрпейісов ескерткіштің құжаттары енді дайын болғанын айтады. Өйткені ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі арнайы комиссия тарапынан Кенесары ескерткіші талапқа сай деп танылып, қолдау тапқан.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арнайы хаттама жіберген болатын. Енді эскиздерін қарайды. Қазір комиссия бөліп-бөліп қарайтын болыпты. Ал «Қазақ халқына – мың алғыс» пен «Biz Birgemiz» стелла болғандықтан тез өткізеді. Кенесарының ескерткіші белгілі бір тұлға болғандықтан жайдан-жай өткізе салмайды. Егер жаңа жылға дейін комиссияда қаралып, шешімін тапса, келесі жылдың басында жоспарлай береді. Әзірге қанша қаржы бөлінетіні белгісіз. Бірақ ескерткіш кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтереді», – дейді ол. Ғани Нүрпейісов Меркі ауданына қарасты Жамбыл ауылында қойылатын ескерткіштің жобасын көрсетті. Хан Кененің ескерткіші Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында орнатуға лайықты ма? Бұл сұрақты белгілі актер, ҚР мәдениет қайраткері, театртанушы және драматург Әлібек Әмзеұлына (суретте) қойған болатынбыз.

– Кенесарының ескерткіштегі киім киісі, формасы, отыру манерасы ханның тұлғасына келіңкірейді. Ол жағынан автор қателеспеген сияқты. Бірақ мен бір нәрсеге күмән келтіремін. Кенесарының әр жерде суреті жүр. Ол суретке ескерткіштегі Кенесары мүлде қарама-қайшы. Бұған дейін Абайдың суретіне байланысты «бір тоқтамға келуіміз керек» деп талай айтылды ғой. Қазір Абайдың суретін бірдей етіп көшіріп жатыр. Әйтпесе әр адам өзінің Абайын жасап кетті. Онысы дұрыс емес. Абайда екі-үш сурет қалған. Қазір екі баласымен тұрған суретін сол қалпында көшіріп, Семейде ескерткіш орнатты.

Сол сияқты Шоқан мен Жамбылдың ескерткішін өз суретіне қарап салып жүр. Абайды әртүрлі сала бастап едік мемлекет «Әрқайсың өз Абайларыңды жасағанды тоқтадыңдар. Бір Абай болу керек» деп тоқтатты. Бұл дұрыс.

Осыдан біраз жыл бұрын Кенесарының басында дулығасы бар суреті бар болатын. Ескерткіштегі Кенесарының бет әлбеті суреттегіге мүлде келмейді.

Ескерткіштегі Кенесары бөлек, суреттегі Кенесары бөлек болып шығады. Сонда әркімнің бір Кенесарысы шықпай ма? Менің де Кенесарым бөлек болады, сенің де Кенесарың бөлек болады. Әйтеуір ескерткіштегі Кенесары дейміз, бірақ ол Кенесары емес. Бұл қалай болады? Астанадағы ескерткішке қазіргі салынайын деп жатқан ескерткіш ұқсамайды. Бұл енді болмайды ғой. Құдайға шүкір өркениетті елміз. Әрқайсысы «өзінікін» тықпалап «мынау былай еді, мынау былай еді» деп тартып жатуымыздың өзі ыңғайсыз ғой.

Кезінде Құрманғазыны Атыраудағылар суретін салып, одан кейін сақалын жарты метрге ұзартып жіберді. Кейіннен барып бәрін тоқтатты. Абырой болғанда Динаның өз суреті сақталып қалды. Менің ойымша әркім өзінің суретін сала бергені дұрыс емес. Бір нәрсеге келісу керек те, сол нәрсені салу керек.

Кенесары суретте атжақты әрі қаһары қатты болып тұрған. Ал ескреткіште дене мүшесі 25-30 жас арасындағы жігіт сияқты. Сауытын шешіп тастаса қызға қырындайын деп тұрған бозбала секілді. Ескерткіштің түрінен ел басқарған, қол басқарған ханға сай әлеуетті көрмедім.

– Бәлкім аудандық жерде тұруға лайық деп шешкен шығар.

– Өнер ауыл, аудан, қала, облыс орталығы немесе республика дегенге бағынбайды. Өнерде бір-ақ өлшем бар, ол – шығармашылық өлшем. Грекияда осыдан 2 500 жыл бұрын салынған Амфитеатрлар әлі тұр.

– Демек сіздің ойыңызша, ескерткіш жақсы да, жаман да емес, орташа. Облыс әкімінің иделогия жөніндегі орынбасары Ержан Жылқыбаев немесе мәдениет басқармасының басшылары сіз сияқты азаматтарды арнайы шәйге шақырып, неге алдын-ала таныстырмайды. Егер біз сізге ескерткіштің арнайы суретін жібермесек, оны Меркі ауданындағы ашылу салтанатында бірақ көруіңіз мүмкін еді. Осыны жасау қиын ба?

– Ешқандай қиындығы жоқ. Бірақ әрқайсының іштерінде «Мен білемін» деген тұрады. «Осының бәрін менен артық ешкім білмейді» деп кеудесін қағып тұрады. Ең жаман нәрсе – осы. Мәселен бізде Қойгелді батыр ескерткішін екі рет сәтсіз жасады. Қазір қалада сәтсіз жасалған үшінші ескерткіші тұр. Қайрат Рысқұлбековтың төрт бірдей ескерткішін жасадық. Ұят па, ұят. Мұның ар жағында «Мен білгішпін» деп кеудесін қаққан пиыл тұр. Ол дұрыс емес.
Жалпы сенің «алдын ала неге ақылдаспайды» деп айтқаның дұрыс. Мәселен Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнататын кезде 25-26 нұсқаны әкеліп қойды. Бір-екі сағат сол жерде ескерткішке баға беріп, дауластық. Бір тоқтамға келдік-ау дегенде сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Демешев келіп, «Көрдіңдер ме, талқыладыңдар ма? Енді ары қарай талқылайық» деп айтатын. Бұл дұрыс қадам болатын.

– Яғни қазір облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Әулиеатаның зиялы қауым өкілдерін жинап, талқылауға болатын тірлік.

– Иә, иә. Оны ұйымдастыру қиын шаруа емес. «Кенесары ханның ескерткішін орнатайын» деп жатырмыз деп газет пен телеарнадан жариялап, «ал енді пікірлеріңізді айтыңыздар» десе, оның ешқандай зияны жоқ. Қазақ «келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді.

– Мына ескерткіштен бөлек 4-5 нұсқа болса тіпті тамаша болмас па еді?

– Олай болса тіпті тамаша болар еді. Ішінен таңдалып алынады. Неге оны бір-ақ адам істеуі керек? Қанша айтқанмен бір бас – бір бас, екі бас – екі бас емес пе?

Жергілікті билік «Аудандық жерге Хан Кененің осы ескерткіші жетеді» деп ойлайтын болса керек. Алайда Әлібек Әмзеұлы өнер аудан, қала және республика деп бөлінбейтінін ескертті. Демек Кенесары ханның ескерткішіне конкурс жарияланып, бірнеше нұсқа ұсынылуы керек. Сондай-ақ ескерткішті кәсіпкерлердің мойнына артпай, облыстың қазынасынан қаржы қарастырған жөн. Өйткені соңғы кездері қандайда бір нысан ашылса «Бұл бюджеттің емес, демеушілердің қаржысына салынды» деп айту сәнге айналды. Сонда кәсіпкердің ақшасы жауды ақшасы ма? Онсызда қиналып отырған кәсіркерлерге тыныштық берейік те.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk