24-06-18 | 15:53
Әйелдің кешірім беруі кемшілігі ме?.
Әйелдің кешірім беруі кемшілігі ме?

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жас шамасы көп жағдайда 20-40 жастың аралығында болып келеді. Ерлі-зайыптылар арасындағы мұндай ұрыс-керіс, жанжал, төбелестерге, полицейлер «отбасылық жанжал» деп жайбарақат қарап, ұрдажық еркекке шара қолдануға асықпайды. Ал, соның нәтижесінде адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түседі. Бұл кезде ерлі-зайыптыларды татуластыру көзделеді, байқап жүргеніміздей, таяқ жеген әйел байғұс көп жағдайда кінәліні кешіруге мәжбүр. Олай етпегенде ше? Көптеген әйелдер мұндай оқиғада балаларын ойлап, әрі туған-туысқанның да иығына жүк болып отыра алмайтынын жақсы түсінеді. Тапқан табысы да бала-шағасын асырауға жетпейтіні белгілі. Сондықтан, Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер басқа түскен іске амалсыз көндігуіне тура келеді. Қазіргі күні бірін-бірі қалап қосылған жұптардың ажырасуы таңсық болмай кетті. Жолы екіге айырылған отбасылардың көбейгеніне көңілсіз статистика да дәлел. Мұндай сәбиін ерткен әйелдің бірден-бір барар жері – төрткіні болса керек.

 Мысалы, Жарма аудандық сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 79-5 бабының 1 бөлігінде көзделген әкімшілік іс қаралған. Мұнда құқық бұзушы масайып келіп әйелінің мазасын алып, қол көтеріп, балағаттаған, үйдің шырқын бұзған, ас үйінің терезесін шаққан.

Жәбірленуші әйел сотқа арыз түсіріп, өзара бітімгершілікке келгендерін, татуласқандарын айтып, істі қысқарту туралы жазбаша түрде өтінішін ұсынған. Соған орай, құқық бұзушыға қатысты іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 71-1 бабының негізінде жәбірленушінің айыпты адаммен бітімгершілікке келуіне байланысты қысқартылған.

Осындай жағдайлар тәжірибеде жиі кездеседі. Соның әсерінен сот процесі аяғына дейін жетпей қысқарады. Статистикаға сүйенетін болсақ, Жарма аудандық сотының өзінде бір жылда 141 әкімшілік іс түскен, оның ішінде 99 іс қысқартылған, 25-ына қамау жазасы тағайындалып, 9-ына  айыппұл салынған.

Отбасын сақтағысы келген әйелдердің кешірімін кемшілік деп қарауымыз қате. Тек әйелінің осындай адал ойын, жақсы ниетін ер-азаматы түсінсе, жұбайының жақсылығын бағаласа игі. Сөз соңында айтарым, еліміздің Конституциясы бойынша ешкімнің зорлыққа, адамдық дәрежесін қорлауына жол берілмейді. Бірақ, өмірде әйелдердің мұндай зорлық-зомбылықтардың құрбаны болып жататыны жасырын емес.

Айнұр ШАКИРОВА

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.