22-10-20 | 13:00
“Кімдер жеңіп, кімдер келмеске кетеді?”.
“Кімдер жеңіп, кімдер келмеске кетеді?”

2019 жылғы Президент сайлауынан кейін Парламенттің кезектен тыс сайлауы болатынына ешқандай күмəн болмаған. Саяси сарапшылардың басым бөлігі Президент сайлауынан кейін мемлекетте ауқымды саяси-экономикалық өзгерістердің басталатыны туралы жəне кезектен тыс парламент сайлауы өткізілетінін айтқан. Бірақ саясаткерлердің болжамы расталмады. Оған себеп, Елбасының 2019 жылдың тамызында Nur Otan партиясы саяи кеңесінің кеңейтілген отырысында “Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге негізделген аргумент жоқ, тек талқылау ғана” деп бұл тақырыпты соңғы нүктесін қойған болатын.
Сонымен, Парламенттің “отымен кіріп, күлімен шығатын” мəжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуға таяу. Демек, кезекті Парламент Мəжілісінің сайлауы 2021 жылдың 24 қаңтарынан кешіктірілмей өтуі тиіс. Сəйкесінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мəжілісінің сайлауын 2021 жылдың 10 қаңтары деп бекітті. Бұл сайлаудың Ата заңмен бекітілген уақытта өтетіні өте дұрыс шешім. Еліміздегі демократияны нығайтуға, халықтың бірлігін, сенімін, белсенділігін күшейтуге бағытталған саяси қадам деп түсіндім.
Бұған дейін парламент сайлауы жеті рет өткен, оның бесеуі кезектен тыс, қазіргі алтыншы сайланымның өзі де кезектен тыс сайланғандар. Ал, 2021 жылғы Парламент сайлауы сегізінші болмақ.
Бүгінде төменгі палата 107 депутаттан тұрады: оның ішінде 98 депутат саяси партиялардың тізімі бойынша, ал қалған 9 депутат. Қазақстан халқы Ассамблеясынан тағайындалады. Соңғы кезектен тыс Парламент сайлауында 6 партияның үшеуі ғана сайлаушылардың 7 % -дан астам дауысын жинап парламенттің төрінен орын тапқан. Жалпы алдағы сайлауда “Кімдер жеңіп, кімдер келмеске кетеді?” деген сұрақ туады…Оның жауабын екі айдан соң біле жатармыз.
Елбасы билеуші партияны алдағы парламенттік сайлауға мұқият дайындағаны көрініп-ақ тұр. Қазір Nur Otan партиясы кадрлық құрамын жаңарту арқылы жұмысын жүйелі түрде бастап кетті. Партия парламенттегі мандаттық басымдығын жоғалтпайды, бірақ жақында өткен партияішілік іріктеу жүйесі мəжілістегі депутаттардың құрамына өзгеріс əкелетіні анық. Оған праймериз өз үлесін қосатыны сөзсіз. Елбасының өзі де праймериздің өту барысын мұқият бақылап, белсенді жастарды қолдап, елдің саяси өміріне араласуына мүмкіндік жасады. Болашақта Елбасы сенім артқан праймеризшілердің біразы мəжіліс кабинеттеріне жайғасатыны анық енді. Ендіше, алдағы сайлау ашық жəне əділ өтуі үшін билік барлық жағдайды жасауы тиіс. Əділдік – қоғамды алға сүйрейтін, үмітін оятатын үлкен күш екенін ұмытпайық! Ең бастысы Тəуелсіз еліміздің
тыныштығы бұзылмасын.

Жақсыбек Ақтілеу

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.