27-06-18 | 17:03
Кемтар баласы барлардың мүддесі ескерілсе екен.
Кемтар баласы барлардың мүддесі ескерілсе екен

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сенсек, өткен жылы елімізде 18 жасқа толмаған мүгедек балалардың саны 65 мыңнан асып жығылса, оның 57 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер көрінеді. Бұл көрсеткіш жас мемлекет үшін аз ба, көп пе? Қалай десек те, қара түгіл, ханның өзін шарасыз күйге түсіретін мүгедек бала мәселесі қашанда қоғамның ең өткір әрі әлсіз тұсы болып қала бермек…

«Дені сау ұрпақ-ел болашағы» дегенді жиі естиміз. Осы ұранмен халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, ана мен бала өмірін ерекше қамқорлыққа алдық. Алайда, бұл еліміздегі кемтар балалардың қатарын кемітуге септігін тигізбегенге ұқсайды. Мысалы, соңғы үш жылда олардың қатарына тағы тоғыз мыңға жуық бала қосылған. Әлемде мүгедексіз ел жоқ. БҰҰ-ның деректеріне сай, мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі 10 пайыз болса, әлемде 7 миллионға тарта түрлі санаттағы мүгедек жандар өмір сүруде. Ал, Қазақстан халқының шамамен 3 пайызы мүгедектер көрінеді. Әрине, мұндай адамдар кез-келген қоғамның барлық адамдармен тең құқылы әрі толыққанды мүшесі екендігі еш даусыз. Дейтұрғанмен, мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда ерекше қамқорлыққа зәру екендігінде естен шығармағанымыз абзал. Осыдан біраз уақыт бұрын Дариға Назарбаева мүгедек балаларын үйде күтіп, бағып отырған ата-аналарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру жөнінде мәселе көтерген еді. Ол бұл ой іске асса, елдегі жұмыссыздардың да қатарының біршама азаятынына да сенімді. Жақында осы бастама заңдық тұрғыдан қолдау тауып, бірінші топтағы мүгедек баланы бағып-қағып отырған ата-анаға арнайы жәрдемақы төлеу мәселесі шешімін тапты. Ал, екінші, үшінші топтағы кемтар баласы бар әйелдердің мүддесі алдағы уақытта шешілеріне сенгіміз келеді.

«Мүгедек баласын үйде бағып, тәрбиелеп отырған ата-аналарға немесе оны қамқорлығына алған адамға тиісті жәрдемақы төленеді. Ол «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар» туралы Заңда жан-жақты қарастырылған. Бұдан бөлек мемлекет балаға мүгедектік санатына байланысты жәрдемақы береді. Сондықтан, елімізде мүгедек баланы асырап отырған адамдардың еңбегі мүлде еленбей жатыр деп те айта алмаймын. Алайда, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейгені дұрыс. Өйткені, мүгедек балалардың бірі өмірге өзімен бірге бар тауқыметті ала келген болса, кейбіреулері түрлі жағдайға байланысты жарымжан болып қалғандар. Олардың көпшілігі өмір бойы мүгедектің тауқыметін тартуға мәжбүр. Сондықтан, кез-келген қоғам олардың жан жарасын барынша жеңілдетуге тырысуы тиіс. Ал, кемтар балаларды күтіп баптап үйде отырған адамдарға әлеуметтік қызметкер мәртебесін беріп, оларға жалақы төлеп отырсақ, көптеген мәселенің алдын алған болар едік.

Әрине, бір қарағанда, бізде мүгедектердің заңдық тұрғыда қорғалуы, қамқорлықққа алынуы, түрлі әлеуметтік көмектерге қолжетімділігі сынды жағдайлар жан-жақты қарастырылған. Алайда, соған қарамастан мүгедек жандардың бүгінгі қоғамға өкпесі «қара қазандай». Неге бұлай десеңіз, кейбір заңнамаларымыз өз дәрежесінде жұмыс істемейді. Оның үстіне мүгедектердің көпшілігі өз құқықтарын талап етуге дәрменсіз. Сондықтан, мүгедек балалардың күтімімен айналысатын адамдар жаңағы баланың құқықтарын бес саусағындай білуі тиіс. Сосын, мүгедек баланы үйде күтіп бағу әрдайым тиімді бола бермейді. Өйткені, үй күтіміндегі балалардың жағдайының оңалуы қиын. Мүмкін, бұл психологиялық тұрғыдан балаға оң әсер етер, бірақ, балаға медициналық тұрғыда көмек көбірек қажет.

Айталық, мүгедек балаға түрлі медициналық оңалту орталықтарының көмегі ауадай қажет. Яғни, мұнда мүгедек баланың күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшерінің көптігі ештеңе шешпейді. Сондықтан, алдыңғы қатардағы елдердегідей, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалу жағына көбірек көңіл бөліп, қаржыны да аямауымыз керек. Неге десеңіз, тәжірибе барысында көптеген ата-аналар мүгедек баласын арнайы емдеу оңалту орталықтарына бір рет те болса алып баруды армандайтынын көріп жүрміз. Бұрын бір аудандағы бес жүзден аса мүгедек баланың біреуіне ғана сауықтыру орталығына жолдама берілетін. Қазір жағдай мұншалықты ушығып тұрмаса да, айтарлықтай оңала қойған жоқ.

Тағы бір айта кетерлік жағдай, қазір қарттар үйі, балалар үйі, мүгедектер үйі сынды мекемелерге қөмек қолын соқып, түрлі материалдық жәрдем беретін демеушілер көбейіп келеді. Куанарлық жағдай, бірақ, сондай жомарт жандар үй жағдайында өсіп жатқан жарымжан балаларды ескере бермейді. Ескерген күннің өзінде ауданның немесе қаланың есебіндегі мұндай мүгедек балаларға демеушілік көмек жергілікті билік арқылы берілетіндіктен, кейде ол орта жолда «қолды» болып жатады. Осындай, қолдан жасалған қелеңсіздіктерді ескерсек, мүмкіндігі шектеулі балалардың күтушілеріне әлеуметтік қызметкер статусыың берілуі орынды. Бұл әсіресе, баласының жағдайына байланысты үйде жіпсіз байланып отырған жас аналарға үлкен қолдау. Оның үстіне елімізде тиісті мекемелердің штатындағы әлеуметтік қызметкерлердің саны өте аз, бірақ, жүктемелері тым ауыр. Ал, алатын жалақылары 40-50 мың теңге ғана. Мүгедек балалары бар ата-аналардың көпшілігінің әлеуметтік жағдайы мәз емес. Жарымжан баланы жалғыз асырап отырған аналар да көбейіп барады. Отағасы қиындықта қалдырып кеткендері қаншама. Бұған елімізде балабақшаға баратын балалардың арасында мүгедектердің үлесі бір пайызға жетпейтінін қосыңыз. Бұл да бүгінгі қоғамның ащы шындығына айналып отыр.

Кәмила Әкімбекқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.