Қазақстанда салықтан жалтару, жалған мәмілелер жасау, қолдан шот-фактура рәсімдеу, табысты тым жоғары көрсету сынды алаяқтықтар әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Мұндай әрекеттер республикалық бюджетке жыл сайын жүздеген миллиард теңге көлемінде шығын келтіреді. 2024 жылдың өзінде Мемлекеттік кірістер комитеті 2000-нан астам салық төлеушінің тауар мен қызметті нақты жеткізбей тұрып, жалған шот-фактура рәсімдегенін анықтады. Бұл операциялардың жалпы сомасы 300 миллиард теңгеден асты.
Салықтық манипуляциялардың ең айқын мысалдарының бірі – Абай облысында тіркелді. Мұндағы бір шаруа қожалығы өзінде бар небәрі 10 гектар жерден 2000 тонна күнбағыс тұқымын жинап, оны сатқанын құжат жүзінде көрсеткен. Алайда күнбағыстың орташа өнімділігі гектарына 1,3 тоннадан аспайтынын ескерсек, ол көлемде өнім алу мүмкін емес – бар болғаны 13 тонна шамасында ғана. Яғни, құжаттағы көрсеткіш 153 есеге асыра жазылған. Мемлекеттік кірістер органының тексерісінен кейін фермер ешқандай өнім сатпағанын мойындап, жалған шот-фактураларды кері қайтарды.
Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай фактілерді анықтау үшін заманауи цифрлық технологиялар мен мәліметтерді автоматты талдау жүйесін қолданады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістік көлемі мен орташа өнімділігі салыстырылады. Егер алынған өнім көрсеткіштері логикаға сай келмесе, тереңдетілген тексеріс жүргізіледі. Сонымен қатар банктік төлемдер де назарға алынады: нақты ақша қозғалысы болмаған жағдайда мәміле жалған деп танылуы мүмкін. Тауар мен қызметтің қозғалысын қадағалайтын тәуекелдерді басқару жүйесі жеткізу тізбегіндегі кез келген үзілісті анықтап береді.
Алаяқтық схемалар тек ауыл шаруашылығымен шектелмейді. Құрылыс саласында да шын мәнінде қызмет көрсетпейтін, жұмысшысы мен техникасы жоқ компаниялар құрылыс жұмыстары үшін шот-фактура рәсімдейді. Логистикада – көлігі мен лицензиясы жоқ фирмалар тасымал жасағандай құжат толтырып, салық төлеуден жалтарады. Мұның бәрі заңсыз салықтық шегерімдер жасауға мүмкіндік береді.
2025 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалар үшін де салықтық шегерімдерге байланысты бақылауды күшейтеді. Енді азаматтар оқу ақысын, медициналық шығындарды, ипотека төлемін және көпбалалы отбасыларға арналған жеңілдіктерді шегерім ретінде пайдалана алады. Шегерім мөлшері 463 976 теңгеден басталып, көпбалалы отбасылар үшін 1,1 миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ жалған ақпарат берген азаматтарға салықтық шегерім берілмейді, ал өтірік мәлімет енгізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Салық саласында қиындықтарға тап болмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға келесі кеңестерді ұсынады: жалған мәмілелерден бас тарту, барлық құжаттарды – түбіртектерді, шарттарды, төлем тапсырмаларын мұқият сақтау және қызметтерге тек ресми, қолма-қол емес төлем жасау. Цифрлық бақылау жүйелерінің арқасында енді ең қарапайым салықтық бұзушылықтың өзі назардан тыс қалмайды.
Абай облысындағы фермердің ісі салық органдарының қырағылығын айқын көрсетіп отыр: бұрын оңай өтетін алаяқ схемалардың өзіне енді жол жоқ.