Кеше ғана біздің сайтта «Қазақтелеком» қазақтың ақшасын жеуді қашан қояды?» деген материал жарыққа шықты.
Осы жерде «бір өзі 100 млн теңге сыйақы алатын Қуанышбек Есекеев деген кім?» деген заңды сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда батпан құйрықты басып жатқан Қуанышбегің кімнің шікірәсі?
Қуанышбек Есекеев 1975 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін 2001-2002 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Мамандығы – менеджмент.
Қуанышбектің қуанышты жылдары 1998-2000 жылдары «Қазақойл» ҰОК ЖАҚ бөлім бастығы, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры, техникалық қызмет көрсету басқармасының бастығы болған кезде басталған сыңайлы. Себебі осыдан кейін ол басқару академиясын оқи жүріп, бірден «Қазақстан темір жолы» РМК бас инженерінің кеңесшісі, бас бөлім бастығы, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры (2000-2002 жылдары) болады. Қызметтік жолына қарасаңыз, айналасы бір-екі жылдың ішінде бөлім бастығынан бірден департамент директорлығына көтеріліп отырған. Оған Есекеевтің ана тілін «е» деп білмейтіні де жақсы көмектескен болуы керек. Себебі біздің елде мемлекеттік тілді менсінбейтіндер тез көтеріледі қызметте.
2002-2004 – екі жылдың ішінде Қуанышбек екі министрлікте жұмыс істеп үлгереді. Онда да анау-мынау емес, департамент директорлығын атқарған. Қараңыз, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ақпараттандыру және инновациялар департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры.
Ал Қуанышбекті «Қазақтелекомға» апарар жол сол 2004 жылы басталғандай. Ол сол 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Осы жерде табан аудармай 6 жыл отырған Қуанышбек Есекеев 2010 жылы «Қазақтелеком» басшылығына келеді. Бір қызығы Қуанышбек Есекеевті «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлеріне сол кездегі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Қайат Келімбетов ресми түрде таныстырады.
«Қазақтелекомды» басқарса да қазақ тілін «қақпайтын» Есекеевтің бұл бір ғана қызметі емес. Ол 2018 жылы Қазақстанда киберспорт ресми қызметін бастаған сәттен бері қазақстандық Киберспорт федерациясын басқарды. Одан бөлек «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы болды. Ал 2022 жылы Дзюдо федерациясының президенті лауазымына сайланды.
Ол 2019 жылы «жақында чипсіз телефон қолданамыз» деп уәде берген.
Бұл – чип түріндегі классикалық сим-картаның бағдарлама нұсқасы. eSIM-ді виртуалды сим-карта деп атасақ қателеспейміз. Бүгінгі таңда ұялы байланыс операторлары eSIM тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Меніңше, 5G қосылғаннан кейін, технологияның басым бөлігі eSIM-ге көшеді. eSIM абонеттерге де, операторларға да тиімді болады деп есептейміз, – деген еді.
Бірақ онысын әзірге ешкім қолданып жүрген жоқ. Ал еліміздің біраз өңіріне 5G жүйесі енгізілгелі де біраз болды.
Чипсіз телефон қолдану былай тұрсын, «Қазақтелекомның» интернет жылдамдығына шағым айтатындар көп. 100 млн-дап сыйақы алуды білген басқарма басшысы әуелі халықтың сұранысын қанағаттандырып алса жақсы болар еді, өз құлқынын ғана ойлай бермей!
Бейресми деректерге қарағанда, «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеев 2020 жылы – 47 млн теңге, 2021 жылы – 55 млн теңге, 2022 жылы – 105 млн теңге сыйақы алған.
Arasha.kz
ФОТО: Қазақтелеком