«ЭКСПО-2017» бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің адвокаттары Анар Құсайынова мен Қуаныш Төлегенев Тоқаевқа үндеу жасады.
Адвокаттар істі зерттей келе, Ермегияевқа тағылған аса ірі көлемдегі пара алу айыбы (ҚР ҚК 366-бап 4-бөлім) заңсыз екенін анықтадық, деп отыр. Ол 14 жылға сотталған, соның 10 жылын өтеп те қойды.
«Сот үкімі негізінен психикалық ауытқуы бар, тергеу органына тәуелді куәгердің жалған жауабына сүйенген. Бұл куәгер – И.У.Ш. – тергеу кезінде заңсыз түрде Антикор қызметінің жасырын пәтерінде болған. Сол кезде ол соттың шешімімен Алматыдағы психиатриялық орталықта болуға тиіс еді. Оның қайда екені тіпті адвокаттарына да белгісіз болған. Нәтижесінде, тергеу оның заңды түрде тағайындалған стационарлық сараптамадан өтуіне бірнеше ай бойы кедергі келтірді. Кейінгі сараптама да оның психикалық ауытқулары бар екенін растады. Бірақ бұл екінші сараптама Ермегияев ісіндегі материалдарда жоқ, дегенмен сот үкімінде оған сілтеме жасалған», — дейді адвокат А. Құсайынова.
Оның айтуына, соттың мұндай әрекеті – айқын процессуалдық заңбұзушылық, себебі зерттелмеген материал үкімге негіз бола алмайды. Бұл іс бойынша тергеу әдістерінің заңсыздығы мен куәгерге жасалған қысым — Ермегияевтың кінәсіздігін дәлелдеуге негіз бола алады.