Біз
әлеуметтік
желіде
24-06-25 |
290 рет қаралған
200 млрд: Жұманғариннің жынына тиген Рахымбаев па?.
200 млрд: Жұманғариннің жынына тиген Рахымбаев па?

Жұманғарин айта алмаған мөлтек сыр немесе бес жылға созылған салықтан жалтару Санта-Барбарасы. Кеше Сенаттың жалпы отырысында «Салық кодексі туралы» заң жобасын талқылау барысында Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ел ішіндегі қосымша офшорға айналу қаупі барын айтқан болатын.

Оның айтуынша, бір кәсіпорын холдинг арқылы өзінің бас кеңсесін АХҚО-ға көшіріп, соның салдарынан мемлекет 200 миллиард теңгеден астам салықтан айырылған. Кейін журналистердің ол қандай кәсіпорын екенін сұрағанда Жұманғарин жауап бермей, брифингті аяқтамастан кетіп қалған болатын.

Журналист әрі экономист Айбар Олжай фейсбук парақшасында министр айта алмаған кәсіпорынға қатысты жазба қалдырып, оның BI Group компаниясы екенін жазды.

«Айдын Рахымбаев – бүкіл Қазақстанның салық жүйесінің қайта қаралып, өзгеруіне себепші болған кәсіпкер. Баяғыда Үсенов деген мажор бес адамды қағып өлтіріп, отбасыларымен келісіп, бостандыққа шығып кеткен. Содан кейін біздегі Қылмыстық Кодекске апаттан адам өлсе, туыстары кешірсе де кінәлі жазадан құтыла алмайды деген түзету енгізілген болатын. Ол «Үсенов түзетуі» деген атаумен тарихта қалды.

BI Group бизнесті ИП-ларға бөліп, салықтан жалтара бергеннен кейін Қазақстан Үкіметі жаңа Салық Кодексін жасап, қосымша құн салығын енгізіп, оның шегін 40 миллион теңгеге дейін қысқартты. Содан кейін BI Group сатып жүрген қымбат элиталық үйлерге де сән салтанат салығы енгізілетін болды. Біз Рахымбаев дробление арқылы ғана салықтан жалтарып жүрді, осымен оның қулығын тоқтата алдық деп ойлап жүрсек, ол Үкімет пен бюджетті он орап кеткен екен», — деп жазды А. Олжай.

Вице-премьер Серік Жұманғарин Сенатта Астана халықаралық қаржы орталығының салық жеңілдіктерін қайта қарауды ұсынып, біздегі тым «ақылды» бизнесмендердің жаппай осыған тіркеліп, жеңілдік арқылы қыруар салық төлемей отырғанын ашық мәлімдеген болатын. Ал журналистерге берген брифингінде компанияның атын атауға батпағанын көрдік. Қызметтік этика сақтағаны түсінікті.

«Бірақ біз секілді сарапшыларға АХҚО резиденттерінің тізімі мен олардың аудиттелген қаржылық есебін қарай салу қиын емес. Осы кезде Айдын Рахымбаевтың неге ұзақ жылдар бойы BI Group-тың аудиттелген есептерін тығып келгені белгілі болды. «BI Group Development» 2024 жылғы есебінде холдингтің біраз компаниялары АХҚО еркін экономикалық аймағына тіркеліп алғаны туралы ашық жазылады. Шамамен төрт жыл бойы салық жеңілдіктерін еркін пайдаланып келген.
Биай групптың 2024 жылы салыққа дейінгі кірісі 91,8 миллиард теңге болған. 20% КПН ставкасымен холдинг бюджетке 18,3 миллиард теңге төлеуі тиіс еді. АХҚО арқылы олар салықты 15,9 миллиард теңгеге түсірген. КПН-нан 2,4 миллиард теңге үнемдей алған. Ал НДС ше? Бір қызығы, BI Group ешқашан НДС төлеген емес.

Жаңа салық Кодексінде құрылыс компаниялары НДС төлейтін болады. Оны төлемес үшін BI Group барынша АХҚО жеңілдіктеріне жабыспақ. Егер құрылыс саласындағы ең ірі алпауыт НДС төлегісі келмесе, онда біздің салық реформасын осы жерден тоқтата салу керек. Немесе BI Group сынды паразит компанияларды АХҚО-дан қуып шығып, шыңғыртып тұрып салық төлету керек. Шағын кәсіпкер салықтың әр тиынын төлеп, 100 теңге пеня үшін дірілдеп отырғанда, бір жылда 91 миллиард теңге EBITDA алып отырған Айдын Рахымбаев неге бюджет алдындағы азаматтық борышынан жалтаруы тиіс деген заңды сұрақ туындайды.

Серік Мақашұлының көпшілік алдында қатты айта алмаған мөлтек сыры осы еді. Бұл жолы қазақ бюджеті Рахымбаевтың қулығын түпкілікті тоқтату бойынша шешім қабылдағаны анық», — дейді сарапшы.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.