arasha.kz

2023 жылы қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті – Тоқаев

Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды. Біз мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында айтты.

«Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті.  2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Қазақстанда қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Бұл жетістік экономиканың басқа салаларына да үлгі болуға тиіс. Оларды да цифрландыру ісін қолға алатын кез келді. Әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы болуы қажет (Сингапур тәжірибесі бойынша). Мұндай картада министрліктерге қарасты салаларға алдағы бес жыл ішінде қандай технологияның жаппай енгізілетіні туралы көзқарас толық көрініс табуға тиіс», – деді ол.

Президент сондай-ақ жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтты. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын қолданады (бүгінде бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейді).

Медицина, білім беру, креативті индустрия салаларында жаһандық  өзгерістер болып жатыр. Біз бұған қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Нақты айтқанда, жасанды интеллекті арқылы  біз  экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, сондай-ақ елімізде ең үздік инновацияларды қолданамыз. Ол үшін  жұмысты  түбірінен бастауымыз керек, яғни институционалдық орта қалыптастыру керек».

Exit mobile version