11-03-24 |
5750 рет қаралған
Қазақстанда жаңа үйлер қымбаттады.
Қазақстанда жаңа үйлер қымбаттады

Бір жылда (2024 жылғы ақпанда 2023 жылғы ақпанға қарағанда) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 3% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағалары 3,3% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы ақпанда 2,9% жоғарылады.

Статистика бюросының мәлімдеуінше, өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе – 8,9%, Қызылорда – 7,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көшін Талдықорған (9%), Атырау (8,2%) қалалары бастап тұр, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (23,3%), Қарағанды (23%) Атырау (21%) қалалары.

Бір айдың ішінде (2024 жылғы қаңтарға қарағанда 2024 жылғы ақпанда) жаңа тұрғын үйді сату – 0,4%, ал пәтерлерді қайта сату 1,7% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі ақпанда алдыңғы аймен салыстырғанда 1,2% төмендеді.

2024 жылғы ақпан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 534 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 017 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 517 мәміле жасалды. 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда (31 713) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,7% азайды. Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (6434 – 21,1%) және Астана (5882 – 19,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2297 – 7,5%) көш бастап тұр.

2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда ең көп өсім Павлодар (+17,1%), Шығыс Қазақстан облыстарында (+15,2%) және Шымкент қаласында (+10,1%) тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу, көш бастағанына қарамастан Алматы қаласында (-22%), Ұлытау (-8,7%) және Абай облыстарында (-8,3%).

2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 4,4% (1128 мәмілеге) азайды. 2024 жылдың ақпан айында пәтерлер бойынша барлығы 24 517 мәміле жасалды, бұл жалпы мәмілелер санының 80,3%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (24,3%), Астана (23,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың ақпанында олар бойынша 9 167 мәміле ресімделген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.