04-10-18 |
3420 рет қаралған
Науқасты аяусыз тепкінің астына алған дәрігердің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Науқасты аяусыз тепкінің астына алған дәрігердің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Науқасты соққыға жыққан (видео) дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалатын болыпты. Астанадағы теміржол ауруханасында науқасты аяусыз тепкінің астына алған дәрігердің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың теміржол ауруханасында болған оқиғаға байланысты Қалалық ішкі істер департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – деді Алмас Садубаев.

Аурухананың бас дәрігері Сергей Демочкин сырқатты 26 жастағы кезекші терапевттің соққыға жыққанын растады. «Соққыға жығылған науқас ауруханаға 2 қазанға қараған түні бас жарақатымен мас күйінде жеткізілген. Науқас өзін дөрекі ұстап, медициналық қызметкерлерді балағаттаған. Оны кезекші нейрохирург тексерген және жарасын таңып, үйіне жіберген. Бірақ,  ауруханаға қайтып келіп, жоғалған телефонын тауып беруді талап еткен. Сол сәтте науқас аурухананың кезекші терапевтіне тиісіп, жақын туыстарын балағаттаған және бокстан спорт шебері екенін айтып, жекпе-жекке шақырған. Бір рет ұрғанда дәрігер еш жауап қайтармаған, ал екінші рет ұрғанда науқасты кеудесінен итерген. Жерге құлаған науқасты ашумен тепкен», – деп түсіндірді бас дәрігер.

«Біз өз дәрігеріміздің әрекетін еш ақтамаймыз. Қызметтік тексеруден кейін оны жұмыстан шығарамыз. Бірақ, мас адамдардың мұндай «концерттері» ауруханада жиі кездеседі. Жұма күні, 28 қыркүйекте ішімдікке мас науқас күзетшімізді ұрып, медбикеміздің жағын сындырды. Нейрохирургтердің тең жартысы көгерген көзбен жүреді деуге болады. Яғни, мұндай оқиғаға бірінші рет кезігіп отырған жоқпыз», – деді С. Демочкин.

Айта кетейік, Инстаграм парақшасында медициналық қызметкердің науқасты сабаған видеосы тарап кеткен болатын. «Астана қаласының №2 ауруханасында» деген жазумен тараған видео қоғамда резонанс тудырып отыр. Өз кезегінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсініктеме беріп, оқиғаның №2 қалалық ауруханада болмағанын мәлімдеді.

www.inform.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.