Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнет жасына жеткен тұлғалардың талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 37,3 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) сақталған, деп жазды Мың теңге телеграм арнасы.
-148 335 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлер талап ете алады;
-59 800 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;
-56 560 адам жасына байланысты зейнетақыларын ресімдеу үшін мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі өтініш бермеген.
Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады?
Зейнеткер немесе олардың мұрагері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін төлем сақталады.
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем жүргізіледі. Сондай-ақ зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті ресімдеу және мұрагерлік құқығы туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс. Егер өтініш беру мерзімі өтіп кетсе, мұрагерлік құқығын қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет», делінген зейнетақы қоры мәлімдемесінде.
Зейнетақы төлемдерінің түріне және өтініш беру тәсіліне байланысты зейнетақы төлемдерін алуға қажетті құжаттардың тізімі БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – зейнетақы төлемдері» бөлімінде жарияланған.