Мәжілісте 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына арналған есептер талқыланып, «Ауыл» партиясы фракциясы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешені мен су ресурстары салаларында қаражаттың тиімді пайдаланылуына қатысты алаңдаушылық бар.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 575 млрд теңге бөлінсе де, тек 86%-ы ғана игерілген. Бұл — жүйелі кемшіліктердің әлі де бар екенін көрсетеді. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына 2,2 трлн теңге бөлінгенімен, субсидия тиімділігін нақты бағалайтын жүйе жоқ. Былтырдың өзінде 10 млрд теңге мақсатсыз жұмсалғаны анықталған.
«Осы жылдың басында фермерлерге берілмеген субсидия қарызы 285 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаржы күтім парағында тұр. Үкімет оны 2025 жылдың соңына дейін өтеуге уәде беріп отыр. Алайда субсидияның кешіктірілуі ауыл кәсіпкерлерінің сенімін сетінетіп, өндірістік жоспарлауға кедергі келтіруде. Аймақтарда бұл қарыздың орнын толтыруға мүмкіндік бола тұра, маңызы төмен жобаларға қаржы бөлу жалғасып жатқаны сынға алынды», — дейді ол.
Сондай-ақ 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 5,7%-ға азайып, 5,1 млрд долларды құраған. Бірқатар өнімдер бойынша импортқа тәуелділік әлі жоғары деңгейде: ірімшік пен сүзбеде — 52,9%, шұжықтарда — 60%, ал балық өнімдерінде — 54,2%. Қант өндірісі де дағдарыс жағдайында: отандық өндірушілер тек 34,9% сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіштер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Депутат су саласында да жоба бар, нәтиже жоқ екенін айтты.
«Су ресурстары мен ирригация министрлігіне бөлінген 120 млрд теңгенің тек 91%-ы игерілген. 270 жобаның 80-і тоқтатылып, 574 млн теңге игерілмей қалған. Бұл — сапасыз жоспарлау мен жобалаудың салдары. ПУИД-2 (суару және дренаж жүйесін жетілдіру) жобасының жалпы құны 144 млрд теңге болса да, бірнеше жыл ішінде тек екі нысан ғана аяқталған. Ауылдық жерлердегі су инфрақұрылымының 65%-ы апатты жағдайда. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасына кері әсер етіп отыр», — дейді Егізбаев.
Депутат аталған мәселелерді шешу бойынша Ауыл» партиясының негізгі ұсыныстарын ортаға салды.
Фракцияның 5 негізгі ұсынысы:
Субсидиялау жүйесін түбегейлі реформалау
— Әр теңге нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек: өнім көлемі мен экспортты арттыру, су үнемділігі.
Өңдеу өнеркәсібін қолдау
— Аймақтық деңгейде экспортқа бағытталған кластерлер құрып, ұлттық брендтерді дамыту қажет.
Жобалық құжаттаманы толық дайындау
— Су және ирригация министрлігіне жобаларды толық әзірлеп барып, бюджетке ұсыну міндеттелуі тиіс.
Су инфрақұрылымын цифрландыру мен жаңғырту
— Жеке сектормен әріптестікті кеңейту арқылы инфрақұрылымды жетілдіру.
Кадрлық әлеуетті арттыру
— Су ресурстары саласында кәсіби мамандар даярлау мен сертификаттау жүйесін енгізу.
Депутат Егізбаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп пен су салаларындағы қазіргі жағдай — үлкен дабыл. Қаржының тиімді жұмсалмауы, импорттық тәуелділік, инфрақұрылымның тозуы мен жоспарлаудың әлсіздігі салаға жүйелі реформа қажет екенін көрсетіп отыр. Ұсынылған шаралар іске асса, бұл ауыл экономикасының тұрақты дамуына және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне серпін беруі тиіс.