Атом электр станциясын салу – келешегін ойлаған елдер үшін өзекті мәселенің бірі болып отыр. АЭС-қа байланысты таңдау жасағанда таразының бір басында – энергия көзіне тәуелсіздік тұрса, екінші басында – қауіпсіздік мәселесінің қатар бой түзейтіні рас. Сондықтан атом электр станциясын салуға қатысты екіұдай пікірдің қалыптасуы орынды. 6 қазанда Қазақстанда референдум өткізіліп, АЭС-ті салу бойынша тұрғындар өз таңдауын жасамақ. Референдумда отандастарымыз атом электр станциясының құрылысын қолдайтыны немесе оған қарсы екенін көрсетіп, дауыс бере алады.
Жалпы референдумның кез келген мәселе бойынша өткізілмейтіні белгілі. Конституция, ел заңдары және мемлекет үшін маңызды мәселелер бойынша күтілетін шешімдерге жалпыхалықтық дауыс беріліп, референдумда ортақ қорытынды анықталады. Мұның барлығы «Республикалық референдум туралы» заңының аясында реттеледі. Бұл Конституциялық заң 1995 жылғы 2 қарашадан бері қолданыста.
Референдумда кімдер таңдай жасай алады?
Сайлау мен референдум барысында Қазақстанның 18 жасқа толған барлық азаматының өз таңдауын жасап, дауыс беруге толық құқығы бар. Осы дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі референдумға қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Бір ескерерлігі референдумдағы дауыс беру құпия. Сайлаушылардан өз таңдауын айтуды немесе дәлелдеуді талап етуге заңмен тыйым салынады.
Сауалға – жауап
Дауыс беру – мемлекеттік маңызы бар мәселеге қатысты бірегей шешім қабылдау үшін керек. Мұнда референдумда сайлаушылар жауап беруге тиіс сұрақ нақтыланып, тақырып алдын ала айқындалып қояды. Мәселен 6 қазандағы референдумда ел азаматтары: «сіз Қазақстанда атом электр станциясының құрылысые салумен келісесіз бе?» деген сұраққа өз жауабын ұсынады. Жауаптың нұсқалары да белгілі. Дауыс берушілер «Иә, келісемін» немесе «Жоқ, келіспеймін» деген ұстанымын ашық білдіруі керек.
Сайлау учаскелерінің есігі ашық
Референдум кезінде республиканың әр түкпіріндегі сайлау учаскелерінің барлығы сағат 7.00 – де ашылып, сағат 20.00-де жабылады. Арнайы заңда дәйектелгендей, референдумға дейін кемінде он күн қалғанда учаскелік комиссия сайлау учаскесі, дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етуі тиіс. Ақпараттың таралу түрі де көп. Біріншіден қазір барлық ақпарат, референдумға қатысты мәлімет СМС-хабарла түрінде жіберіледі. Екіншіден, мемлекеттік интернет-ресурстарда маңызды ақпараттар тұрақты орналастырылады, сонымен қатар, бұл ауқымды жұмыстан БАҚ та шет қалмайды.
Қазіргі таңда referendum.gov.kz. деп аталатын ғаламторлық база көпшілікке қолжетімді. Бұл жерде шараның қалай өтететіні, азаматтардан көп түсетін сауалдарға жауаптармен бірге, азаматтардың өзінің қай уаскеге барып дауыс беретінін анықтауына мүмкіндік бар. Ол үзін іздеу жолына әркім өзінің ЖСН енгізсе болғаны.
Референдумда дауыс берудің айырмашылығы қандай?
Сайлау кезінде азаматтар қалай дауыс берсе, референдум кезіндегі дауыс беру тәртібі де дәл солай. Дауыс беру ережелерінде өзгеріс жоқ. Ең бастысы, әр азамат сайлау учаскесіне жеке басын дәлелдейтін төлқұжатын алып, өзі келеді. Бюллетеньді алып, тиісті тізімге қол қояды. Осыдан кейін референдумның басты сауалына жауап беріп, өз таңдауын жасайды. Мұнда басқа адамдардың атынан кіріп, бөгде біреудің құжатын пайдалануға жол берілмейді.
Осы тұста сайлау учаскелерінде үнемі айтыс-тартыс тудыратын мына мәселе бұл референдумда түбегейлі шешімін тапты деуге болады. Мәселен бұрын азаматтар қазақ тіліндегі бюллетеньді сұрағанда, көп жерлерде болмайтын. Бұл әрине, азаматтардың орынды өкпе-ренішін тудыратын. Шын мәнінде бұл сол сайлау учаскесіндегі ұйымдастырушылардың қателігі. Биылғы жылы бұған ерекше ден қойылып отыр. Сонымен бірге, дауыстарды санау кезінде ережелерге сәйкес толтырылған бюллетеньдер ғана жарамды болады. Ал енді учаскелік комиссия мүшесінің қолы қойылмаған; референдум сұрағына жауап берілмеген, жауапты сызып, бояған, екі жауапты да белгілеген бюллетеньдер жарамсыз деп танылып, дауыс беруде саналмайды.
Іссапарда жүргендерге мүмкіндік
Дауыс беру бюллетенін сайлаушылар тізімінде көрсетілген азаматтардың ғана алатыны белгілі. Және ол азамат тіркелген учаскеде ғана беріледі. Әдетте, сайлау пункті ретінде сайлаушы тұратын жерге жақын жер таңдалады. Егер азаматтар дауыс беретін күні өзі тіркелген ауданда болмай, басқа жерде жұмыс барысымен, жеке басының шаруасымен баратын болса, өзінің азаматтық ұстанымын көрсету үшін сайлау учаскесіне алдын ала хабарласып, сайлау пунктін өзгертуіне болады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша сайлау пунктіне келіп, 5 қазанда сағат 18.00-ге дейін есептен шығару куәлігін алу маңызды.
Сонымен қатар, бізде денсаулығына байланысты үйде емделіп жатқан, немесе жүріп, қрзғалуы қиын қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да референдумда өз таңдауын жасауына еш кедергі жоқ. Мұндай азаматтар учаскелік комиссияның мүшелерін шақыруға құқылы. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшікпен келген комиссия мүшесі үйге, ауруханаға, демалыс орындарына барып, азаматтардың дауысын тіркеп келеді. Тек мұндай мүмкіндікке ие болу үшін, учаскелік комиссияға дауыс беру күні сағат 12.00-ден кешіктірмей жүгіну қажет.
Дауыс беруде заңсыздық орын алса
Референдум – тек мемлекет үшін маңызы бар мәселелерге байланысты өткізілетіні белгілі. Оған жұмсалатын бюджет шығыны да қомақты. Сондықтан, бұл айтулы шараның талапқа сай, ортақ тәртіпке бағына отырып өткені абзал. Мұндағы кез келген заң бұзушылық елеусіз қалмайды. Дауыс беру барысында тәртіптің бұзылғанын байқаған азамат аумақтық комиссияға немесе прокуратураға шағымдана алады. Шағымдар eOtinish.kz. электрондық порталы арқылы тіркеледі.
Референдумда көтерілген мәселе бойынша шешім қабылданды деп тану үшін қатысушылардың жартысынан көбі дауыс беруі керек. Сондықтан, әрбір азамат өзі тұратын елдің ертеңіне бейжай қарамаса, референдумға барып, дауыс бергені абзал. Әр дауыс маңызды екенін ұмытпайық.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024