Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистердің елімізде атом электр стансасын (АЭС) салуға қатысты референдум қашан өтетіні туралы сұрағына жауап берді.
Ведомство басшысы қазір министрлік еліміздің аймақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
«Бұл жұмыс барлық облыстарды аралауды қажет етеді, әзірге біз әр облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл сол жерде қоғамдық пікір жетекшілерімен жұмыс істеуді қажет етеді. Референдумды тездету туралы бірде-бір өтініш болған жоқ, министрлікке қоғамдық бірлестіктерден немесе қоғамдық белсенділерден ешқандай ақпарат түспеді, сондықтан біз заңға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз», – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу қажет болса, бұл маңызды мәселе жалпыхалықтық референдумға шығарылатынына уәде берген болатын.