10-07-20 |
1320 рет қаралған
Айқын мақсат, нық жоспар.
Айқын мақсат, нық жоспар

Ұлт болып ұйысып, ұлы жолға қадам басқан тәуелсіз Қазақия қайсыбір кезеңде болмасын уақыт керуенінен қалыс қалмай, жаңа заманғы үдерістерге бой түзеп, бет алып келеді. Бұл – қазақтың көкте қалықтаған қырандай қанатын кеңге жайып, әлем көгінен қарап тұрған абыройы десек болғандай. Кеше ғана тәуелсіздіктің тізгінін қолына алып, егемен елдің ертеңіне жарқын көзқараспен қараған еліміз талай нәубетті бастан кешірді. Сонау «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ашаршылық жылдарының өзінде қазақтың қаны судай ақты. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген халық қолда барын, жиған-тергенін таратты. Сөйтіп, аштыққа тап болды.

Бертін келе де жазықсыздар жапа шегіп, ұланғайыр атырапты найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бас көтерген қазақтың басын алды. Тарих беттерін парақтасақ, мұндай қиындықтардың барлығынан сүрінбей өтіп, бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген қайсар ел.

Біз мұндай жетістікке оңай қол жеткізген жоқпыз. Білімді, саналы ұрпақты қалыптастырып, осы жолда тер төгіп келеміз. Ұлттың ұлылығын паш ететін тектілігімізді танытып қай уақытта да алдыңғы шептен көрінуге бар күш-жігерімізді, қуатымызды аянбай салуымыз керек. Міне, соның нәтижесінде алып қыранға айналдық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы Алаш қайраткерлерінің арманы болған ізгілікті мақсат-мұраттардан құралады. Қазақ елін биіктерге сүйреген сарабдал саясаттың, мемлекеттік стратегияның жемісі бұл. Ғасыр бұрынғы армандармен ұштасып, ата-бабаның мұратына жету мәселесі тұр бұл ретте. Ұлт мүддесін, ел тағдырын жарқын болашақпен үндестіре отырып, елге жолдады. Халықтың көңілінен шығып, әрбір қазақстандықтың рухани жаңғыруына, кемел келешекке иек артып, жол тартуына әкелді.

Бүгінгі қоғамда кейбір қынжылтар көріністер белең алғаны рас. Жаратқанның аманат етіп берген өміріне қиянат жасап, өзіне өзі қол салу, адамдардың бір-біріне зорлық-зомбылық көрсетуі, жаңа туған нәрестесін қоқысқа тастап кету тәрізді оқиғалар қазақ қоғамында дене тітіркендіріп отыр. Елбасы мақаласы арқылы осындай келеңсіздіктерге төтеп беріп, қиындықтардан мүдірмейтін өтетін жолды көрсетеді. Ол үшін біздің рухымыз мықты болу және сағы сынбайтын ұрпақты қалыптастыруымыз керек. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай да жаңғыру болмайды» деп қадап айтты. Кезінде Ұлт ұстазы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Рас, біз өзімізге ғана тән мәдениетіміз бен әдебиетімізді, тіліміз бен дінімізді, ділімізді сақтай отырып, жаңа қоғамға сіңісіуіміз қажет.

Шәкәрім айтқан «Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманда» барлық мемлекет ғаламдық бәсекеде жанын салып бағады. Уақыт бір орнында тұрмайды, көштен қалмау үшін тырмысып, биіктерге қанат қағуың керек. Әл-Фараби айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген даналық сөзі тәрізді ұлттық руханиятымызсыз меңгерілген ғылым – ол ұлтымызды өсірмейді, керісінше, өшіреді.

Біз түйенің үстінде қой бағып жүр едік, қолымызға біреу ұялы телефонды ұстатып кетті. Біз көп нәрседен кенже қалып барамыз. Сондықтан күн ұзатпай іске кірісіп, білек сыбануымыз керек. Түйенің үстіндегі сәт пен ұялы телефон ұстаған дәуірдің ара қашықтығын өзіңіз бағамдап көріңіз. Мұның барлығына қажырлы еңбек, қайратты күрес керек.

Ұлттық кодымызды сақтап, болмысымызды жат иедологиялардан қорғап, қалқан бола білуіміз керек. Әйтсе де, бұл өзгеден ештеңе үйренбеу керек деген сөз емес. «Өзімдікі – таңсық, өзгенікі – қаңсық» деген жаңсақ пікірден аулақ болып, әлемде болып жатқан жаңашылдықтарға жарғақ құлағымызды салып, қырағы көзбен қарауымыз ғана емес, шын ықыласпен түсініп, түйісіне білуіміз керек деген сөз.

Технология мен инновацияға, экономиканың жаңа салаларын дамыту мен инфрақұрылымға көңіл бөле отырып, біз рухани құндылықтарды да ұмытпауымыз керек. Себебі, кез келген халықтың дамуы үшін рухани ұстынның орны өлшеусіз зор. Ұлы халықтар әрдайым үйлесімділік жолымен жүреді. Рухани тұрғыда гүлдену қашанда тіршіліктің барлық саласының өркендеуіне ықпал етеді. Өйткені, кемел білімді әрі рухы бай адамдар уақыттың жаңа талаптарына дер кезінде жауап беріп, дұрыс шешім қабылдай алады.

Елбасы қазақ халқының кешегісі мен бүгінгісін, һәм ертеңгі болашағын үндестіре отырып, таяу болашақтағы бағындырар белестерімізге көз жүгіртіп, рухани жаңғырудың 6 бағытын ұсынып, талдап-таразылап берді. Бұл – біздің айқын мақсаттарға жетелейтін даму бағытымыз болмақ.

Елбасы айтқан идеялардың ішінде өзіме жақсы әсер қалдырып, жүрекке жол тапқаны көп. Алайда, атап өтсем, рухани саладағы реформаторлық жаңашылдықтар деп «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын ұлт руханиятын зерделеп, жоғымызды бүтіндеп, барымызды нықтайтын негіз ретінде айтар едім. Бұл маңдайы күнге күйіп, табанын құм сүйген қазақ елінің майталман мамандарын, еңбек адамдарын биікке көтеріп, соны серпін береді деген ойдамын.

Әсіресе маман кадрлардың біліктілігі мен білімділігі қазір алдыңғы орында тұрған мәселе. Өйткені, жаңа технологиялар өріс алып, адам баласы ғарышты бағындырған сәттерде барлық жұмыс сандық технологияға көшірілді. Тіпті электронды қолтаңба қойып, жұмыстарды жүйелі жүргізе беретін болдық. Расында, осыдан бес жыл бұрын мұндай нәрсені ойламаған қазақ баласы бірте-бірте заман үдерісіне төселіп, бейімделіп келеді. Сол себепті сандық Қазақстанды қалыптастыру күн тәртібінен түспеуі керек. Білім мен сандық технологияны неге сабақтастырып отыр деп ойларсыз, бәлкім?! Бүгінгі жас білім айдынында еркін жүзе алады, олардың соны әдіс-тәсілдер мен техниканы меңгеру қабілеті өте жоғары. Осы ғылым мен ілім-білімді үйлестіріп, тәжірибе жүзінде іске асыра білсек, әрбір мемлекеттік органға келетін жас маманды әбден пісіріп, өз ісінің маманы ете білсек, бұл – біздің алға қойған мақсатымыздың алғышартының орындалғаны.

Қазір тіпті дамыған заманның кейпіне қарап, кешегі күнді бала тұрмақ, біздің өзіміз ертегі көреміз. Өйткені, келмеске кеткен кешегі күндегі қағазбастылық жұмыс ауқымына зор әсерін тигізді. Бұл күнде барлығы оперативтілікті алға қояды. Электронды түрде жұмыс істеу жұмыс процесін жеделдетіп, берілген тапсырмаларды жылдам, әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.

Әлем бойынша 8 миллиардтан астам ұялы телефон бар екен. Оны қолданушылардың 34 пайызы әлеуметтік желілерде белсенді. Бар қажеттіні алақанға оп-оңай сыятын аппарат арқылы орындап отыр. Қысқасын айтқанда, бар әлемді алақанға сыйдырып отырмыз. Міне, қызықты қараңыз, әлемдегі ең үлкен такси қызметінің меншігінде бірде бір автокөлік жоқ, ең үлкен медиа кеңістік Facebook бірде-бір мақала жазбайды немесе бейнеролик әзірлемейді. Мұның барлығы сандық технологияның жемісі, әрі жеңісі. Мұны ғалымдар сандық Дарвинизм деп атайды. Ал ХХІ ғасыр – жүйелік басқарудың бәсекесінің дәуірі.

«Біз сандық Қазақстанды құруымыз керек» деген Елбасы бұл тақырыпқа тереңірек тоқталған. Қоғамның кез-келген саласы аталған технологиямен тығыз байланысты. Сот саласына келсек, алыс-шалғайдағы Аралдың арғы шетіндегі ауылдармен де байланыс орнатып, секунд аралығында хат алмаса аламыз. Біз бір жүйелендірілген, орталықтандырылған үлгіде жұмыс істейтінімізді ескерсек, біз айтып отырған сандық технологияның қажеттілігі орасан.

Біз сандық Қазақстанды құруымыз керек деп емес, оны қалыптастыруға мәжбүрміз деп қарауымыз керек. Өйткені, дамыған мемлекеттер мұндай ноу-хойды әлдеқашан қолданысқа енгізіп үлгерген. Төрт жасар баласы атасымен Скаип арқылы сөйлесетін деңгейге жеттік. Бұл тек бастамасы ғана. Болашақта мұнан да зор, тәнті етер дүниелер шығады. Өйткені, ғылым сәт сайын даму үстінде.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. Елбасы мақаласындағы мұндай бастамалар, дамудың алғышарттары тұтас қазақтың биікке қанат қағуына мүмкіндік сыйлады. Бұл күнде рухани жаңғыруға болашаққа бағдар алып жүрген отандастарымыздың көкейлеріндегі мақсат пен мұрат біреу. Ол – «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек». Тіршілік деген үлкен бәйге, сол бәйгеде озып, алдыңғы қатардан көріне білсек, Қазақ деген қайсар елдің, мәңгілік елдің алдындағы тосқауылдар жойылып, біз алмайтын қамал, шықпайтын белес қалмасы анық.

Алтай мен Атыраудың аралығын мекен еткен текті елдің көсегесін көгерту жолындағы ерен тірлік пен берекелі бірлік бізді төрге шығарады деп сенеміз. Қарт Қаратау бөктерінде, ақ басты Алатау баурайында, айдынды Арал жағалауында өскен әр қазақ баласы елдің ертеңі үшін еңбек етіп, тырбанып жүр. Мұндайда Қазақия атты азат ұяның руханияты қалай жаңғырмасын?!

Камшат Садуақасова,

 Қызылорда қалалық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.