08-12-17 |
10340 рет қаралған
Қайран, Конституция….
Қайран, Конституция…

Конституцияны оқып отырмын. Әдемі-ақ жазылған ғой. Оқып отырып, елжіреп кетесің. Көзіңе жас алуға шақ қаласың. Қараңызшы, міне «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар» дейді. Шіркін-ай! Жазылуында гәп жоқ, гәп жоқ. Ал осы Ата заңның үстемдік құрып, орындалуына келгенде – «Жаманқұлға келгенде шықпайды үнім». Конституцияның үтір-нүктесіне дейін орындалуы үшін күреспеуіміз өзіміздің жамандығымыздан болса керек. Мәселен, кеше кешкісін жаңалықтардан үкіметтің кезекті отырысын көрсетті. Прьемер министр Б.Сағынтаев орысша сөйледі. Журналист оның сөзін аударып жеткізді. Ал Ата заң «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейді. Сонда үкімет Конституцияны қыстырмай ма? Қыстырады, бірақ Ата заңның 7 бабының бірінші тармағын емес, екінші тармағын, яғни, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген тармақты ұстанады. Бірінші тармақ жалпы билік үшін жоққа тән десе болады. Бұл сөзге дәлелдің керегі жоқ шығар, күнде көріп-біліп жүрген, үйреншікті нәрсе. Билік менсінбей кеткен Конституцияның 7 бабының 1-тармағының киесі ме, әлде басқа бір себебі бар ма екен, билік талқсып жатып, бірер минутқа есін жиған адамдай анда-санда қазақша тіл қататыны бар. 7 бап демекші, өткендегі «air astana» әуекомпаниясындағы тіл мәселесі де осындай еске түседі. Әуекомпаниясы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылатын» мемлекеттік мекеме емес, демек қазақ тілінде ғана қызмет көрсетуі керек қой, басты заңның қисынына салсақ. Бірақ Конституциядан туындайын жай заңдарды алға тартып, Ата заңды айналып өте шығады, сөйтіп алпауыт «air astana» компаниясының тұтыншуы талап еткен тілде қызмет көрсетпеуі қалыпты нәрсе болып шыға келеді.  Керек десеңіз, «air astana» Конституцияның 7 бабының бірінші тармағы бар екенін білмейтін де шығар тіпті. Әй, бірақ үкімет басшысының өзі қыстырмай отырған 7 бабтың 1-тармағын «air astana» қайтсін!

Оқып отырсаң Конституцияда мін жоқ қой, мін жоқ. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық». Өткенде ауыл әкімдерінің сайлауы болды. Әкімдерді халық емес, аудан әкімі ұсынып, аудандық мәслихат мақұлдады. Аты – сайлау. Бірақ халықтың қатысы жоқ. Ал облыс әкімін президент тағайындайды. Аудан әкімін облыс әкімі орнына отырғызады. Қарап тұрсаңыз, халық таңдап, өз қалауымен сайлайтын нәрсе жоқ. Ескі ауруды қоздырып парламент пен президент сайлауын айтпай-ақ қоялық. Онсыз да таңдаусыз қалған халықтың саяси санасындағы жараның аузын тырнағандай болмайық…  «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» дейді, қайран, Конституция, сен де кінә жоқ.

Конституцияны оқып отырып, кей баптарына келгенде «мынау өзі шынымен солайй жазылып тұр ма?» деп көзіңді уқалап-уқалап жіберіп, қайта қарайсың. Иә, солай деп тұр: «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар». Жоғарыдан төмен қарай тағайындаулар жүріп жатса, республика азаматтары мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына таңдауы түскен қай қалаулысын сайласын… Ал сайлану мәселесіне келсек, әкімдер, депутаттар бәрі де сайланған адамдар. Олар да республиканың азаматтары. Бірақ олар сайланған, халық алдында есепті адамдай емес, Астанадан тіке тағайындалған адамдай өздерін паң ұстайды. Кінәрат Конситуцияда емес. Кінә басты заңның сайлау, сайлану мүмкіндігі үшін табанды күресе алмаған өзімізден-ау осы. Сайлану демекші, республика азаматтарының президент болып сайлану мәселесі қиындады. Егер сіз алда-жалда президент болғыңыз келсе кемінде бес жыл лауазымды мемлекеттік қызметте істеуіңіз шарт. Мұны өткенде ғана сайлау туралы Конституциялық заңға өзгеріс енгізіп, қабылдап қойды. Ал Ата заң «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар» дейді. Әлі сол қалпы, өзгермеген. Қайран, Конституция, сен де жазық жоқ.

Конституция демекші, АҚШ Конституциясының қабылданғанына 230 өткен екен. Осы екі ғасырдан астам уақыт ішінде басты заңғы 27 ғана өзгеріс жасалыпты. Ал Қазақстан Конституциясына биылдың өзінде ондаған өзгеріс енгізілді. Бұған дейін де басты заңға талай өзгеріс жасалған. Ата заңды өзгерту жағынан осы күні АҚШ ты шаң қаптырып, басып озған да болуымыз керек, шамасы.

Қайран, Конституция, бізге салса сені көңіл-күйіміздің ауанына қарай күнде өзгертіп отыруға бейілміз-ау.

 

Марқұм, белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының 2013 жылғы бір сұхбатында Конституция туралы айтқан пікірін мақалаға тұздық есепті өзгеріссіз беріп отырмыз.

«Қазақстан Конституциясында ескеретін көптеген жағдайлар бар. Бірінші Конституция 1995 жылы 30 тамызда халықтық референдумда қабылданды ғой. Ал, қазіргі жағдайда Конституцияға көптеген өзгерістер еніп кетті. Мысалы, Конституцияның 98 бабының 34-і пункті, 341 тармақтың 91-і пункті өзгеріп кетті. Әсіресе, соның ішінде Конституцияның негізгі және тіректі, келелі мәселелеріне көп өзгерістер еніп кетті. Мәселен, Президенттің, Парламенттің өкілеттіліктері туралы көптеген дүниелер көп жерде өзгерді. Халықтық референдумда қабылдаған Конституцияның мұншама өзгеріске ұшырауы… Конституцияға Парламент өзгеріс енгізеді де, өздері тарап кетіп қалады. Өткен Парламент туралы айтып отырмын.

Сондықтан, Конституция тұрақты болуы керек. Егер Конституция тұрақты болмаса, мемлекеттің құқықтық негізінде орындалмай қалатын мәселелер шығып жатады.

Конституцияның, барлық заңдардың ең бас төрешісі бізде – Конституциялық Кеңес. Басқа елдерде Конституциялық сот бар. Ал, біздің Конституциялық Кеңестің барлық мүшесі бір партияның адамдары. Кеңестің төрағасын Президент тағайындайды. Осыдан кейін Конституциялық Кеңес Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің билігіне қалай бақылау қояды? Мынау теріс деп қалай айтады? Конституциялық Кеңесте ондайда айтатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан, біздің елде Конституцияда мынадай нәрсе болмай жатыр, мынадай дүние ескерілмей жатыр деп төрелік айтатын ұйым жоқ дер едім.

Мәселен, Мұңғұлияда Конституциялық сот бар.  Конституциялық сот 9 адамнан тұрады. 9 адамның үшеуін Парламент, үшеуін Президент ұсынады. Қалған үшеуі бейтарап адамдар. Сөйтіп, тоғыз адам жиналады да, Конституциялық соттың төрағасын жасырын дауыс беру арқылы өз іштерінен сайлайды. Ал, Конституциялық сот төрағасының Конституция мен басқада заңдарға байланысты қандай да пікір айтуға толық құқы бар. Бізде ондай мүмкіндік жоқ.

Келешекте біздің Конституцияға сөзсіз өзгерістер кіреді. Ал, Президенттік билік Қазақстан үшін қалуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бізде ұлттық жақтан жәнеде басқа жақтардан бұратаналықтар бар. Сол үшін Президенттік билік қажет. Бірақ, Президент пен Парламенттің өкілеттіліктері жөнінде болашақта өзгерістер бола ма деп ойлаймын».

Дереккөз: «Жас Алаш» газеті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.