Ақтау қаласының тұрғындары қайырымдылық үшін ақша жинап жүрген жасөспірімдердің күрт көбеюіне алаңдаулы. Lada.kz хабарлауынша, кәмелетке толмағандардың мұндай әрекеттері халықтың сенімін оятпайды.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер қаладағы бірнеше жерде – 28-шағынаудандағы «Аман» супермаркетінің алдында, базарларда, ХҚКО кіреберісінде ақша жинап жүргені байқалған.
Бір тұрғын осындай жасөспірімнің біріне жақындап, нақты сұрақтар қойған. Жасөспірім Орал қаласындағы балаға ота жасау үшін көмек қажет екенін айтқан. Алайда тұрғын бұл ақпараттың шын екеніне күмән келтіріп, тексерістен қашу үшін басқа қаланы әдейі атауы мүмкін деген ойда.
Ақтау қалалық әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, садақа және қайырымдылық қаражаттарын жинау үшін Маңғыстау облысының Дін істері басқармасынан рұқсат алу қажет екенін мәлімдеді. Ал егер ақша емделуге жиналса, ол үшін нақты диагноздың расталған құжаты және облыстық денсаулық сақтау басқармасының растауы қажет.