Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты. Кездесу барысында негізгі басым бағыттар ретінде электронды коммерцияны дамыту, туризмді қолдау және инвестиция тарту мәселелері қаралды.
Шағын және орта бизнес (ШОБ) Алматы экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, қалада жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 60,3%-ға жеткен. Бұл сектор қаладағы жұмысқа орналасқан тұрғындардың 90%-ын қамтып отыр — бұл шамамен 972,1 мың адам.
Сонымен қатар, электронды коммерция Алматыда ерекше қарқынмен дамып келеді. Бүгінде қалаға еліміздегі электронды бөлшек сауданың 95,2%-ы және қызметтердің онлайн сатылымының 93,2%-ы тиесілі. Бұл кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға, өнім мен қызметтерді тиімді таратуға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС-нің мамандандырылған Dark Store форматындағы заманауи қоймасына барып, жаңа логистикалық хабтың жұмысымен танысты. Кешен тәулігіне 18 мыңға дейін онлайн тапсырысты қабылдап, өңдей алады. Жобаға 13 млрд теңге инвестиция тартылып, 800 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы, елімізде электронды сауданың көлемі соңғы бес жылда 5 есеге артып, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Электронды сауданың үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 16,6%-ын құрайды. Үкімет тұтыну, логистика және сауданың заманауи моделін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Премьер-министр 2017 жылдан бері көлеңкелі экономиканың 7,5%-ға қысқарғанын атап өтіп, бұл саладағы оң нәтижелерге тоқталды. Сауда және транзитті дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары жалғасады. Сонымен қатар, әкімдік пен Сауда министрлігіне отандық ритейлер мен өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту тапсырылды.
Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзе өз баяндамасында 2025 жылдың өзінде Magnum онлайн супермаркеті арқылы платформада 800 мыңнан астам пайдаланушы тарапынан 5,3 млн экспресс жеткізу тапсырысы берілгенін айтты. Онлайн сатылымдардың 50%-дан астамы отандық өнімдерге тиесілі. Сонымен қатар, платформа 4,5 мың жұмыс орнын құрған. Kaspi.kz платформасы мемлекет бюджетіне 5 млрд теңге салық аударып, оның 2,4 млрд теңгесі 2024 жылы төленген.