Жетісу жерінде алдағы 5 жылда 1 миллион түп ағаш егу көзделген. Оның 200 мыңы биыл егілмек.
Бұл туралы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты жергілікті дереккөздерге сүйене отырып.
Бұған Президенттің «бос жерлерді жасыл алқапқа айналдырамыз» деген тапсырмасы себеп болып отыр.
Осыған байланысты өткен жиында арнайы тапсырманың аудан-ауылдардағы орындалу барысы да пысықталды.
«Неге мына мүлдем жұмыс жасамай жатқандар тапсырманы орындамайды? Ағаштың да жоспарын беріңдер. Кімге қанша ағаш отырғызуға берді. Қай аудан жоспарды бізге жеткізді?..»
Бұл – облыс әкімінің бірінші орынбасарының жұмысы сылбыр аудан әкімдеріне көңілі толмағандағы сұраулы «пәрмені».
Лаззат Тұрлашовтың аудан әкімдеріне қарата: «жоспарын беріңдер» деп бұлай бірден талап айтуының да өзі себебі бар. Өйткені алдын ала келісілген үлкен межені жүзеге асыруда салмақ елді мекендерге де түспек.
Дәлірек айтқанда, бес жылда шып-шырғасыз 1 миллион ағаш егу үшін әр ауылда 10-20 гектар алқапқа орман отырғызу көзделген.
Осылайша, күні кешегі Қызылағаштағы қызылкеңірдек жер дауынан бастап, жердің мәселесі әркімнің «бас ауыруына» айналуға шақ тұрған облыста тағы бір тың жобаның «қиқуы» басталды да кетті.