04-09-18 |
1390 рет қаралған
Алматы облысында дауласу деңгейі төмен.
Алматы облысында дауласу деңгейі төмен

Жоғарғы Соттың бастамасымен «Татуласу: Сотқа дейін, Сотта» пилоттық жобасының қолға алынғанына бес айдың жүзі болды. Содан бері әр облыста іргелі жиындар өткізіп, белгілі қоғам қайраткерлерін, өңір зиялыларын бір ортаға жинаған отандық сот ұжымы медиацияның тиімді тұстарын түсіндіруді, бітімге келудің пайдалы екенін насихаттауды қолға алды. Жақында осындай бір Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өтті. Оған Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, Халықаралық Қазақстан криминологиялық клубының президенті Есберген Алауханов, заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев, Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов, «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина және Жетісу өңіріндегі зиялы қауым мен өңір медиаторлары қатысты.

Сағатбек Сүлеймен бастаманың негізгі мақсат-мүддесін таныстырып: «Жоғарғы Сотта жыл басынан жобалық менеджмент әдісімен 7 топ жұмыс істеуде. Ақпарат құралдарында «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «е-Сот» және біздің жоба – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобаларының әрбірі ашық талқыланады. Осы бағдарламалар шеңберінде жүйелі, түбегейлі өзгерістер қолға алынып отыр» деп бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардан көпшілікті құлағдар етті.

Біздің елде сотта қаралатын істер саны жыл санап еселеп өсуде. Мәселен, 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сотқа түскен істер мен арыздар саны 2 есеге, яғни 1,4 млн.-нан 2,7 млн-ға дейін өскен. Елімізде адам басына шаққанда әрбір төртінші азамат дауға тартылып, соттасады екен.

Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, Алматы облысында басқа өңірлермен адам басына шағып салыстырғанда даукестік деңгейі төмен. Бірақ, сонда да соттасушы адамдар саны халықтың 4 пайызын құрап отыр. Ол неліктен?! Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, адалдығын жоғалтпаған дана халық едік. Алайда, қазір ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаҺандану толқынының әсері ме, жылдан жылға даукес болып барамыз. Статистикалық мәліметтерге сай өршіп тұрған даулардың көпшілігі – отбасылық даулар. Оның ішінде неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру даулары. Елімізде әрбір 3-ші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылуда. Алматы облысында 2018 жылдың 6 айында 3 022 отбасының оты сөніп, 6 мыңға жуық бала отбасында толыққанды тәрбие алмауда.

Өкініштісі, бізде ажырасу оңай шешілетін шаруа болып тұр. Ерлеріміз бала-шағасын асырай алмайтын, асырағысы келмейтін бойкүйез әкеге айналса, аналарымыз баласын әкеден айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі келтіруде.

Ал, соттар ерлі-зайыптыларға тек татуласуға мерзім берумен ғана шектеледі. Олардың арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды, процессуалдық емес қатынасқа түсе алмайды. Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күреспесек, ол үлкен індетке айнала бастады. Сондықтан да, аталмыш мәселеде ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет.

Бітімгершіліктің пайдалы екенін жеткізген Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшысы Әбілқайыр ОРАЛОВ та сауапты істен шет қалмайтындарын жеткізді. Айталық ассамблеяның араласуымен 2016 жылдан бері облыстағы 17 аудан мен 3 қаланың әкімдіктерінің жанынан және 47 сот ғимаратында медиация кабинеттері ашылған. Сарқан, Алакөл, Панфилов аудандарының медиаторлары ел ішіндегі дау-дамайларды мерзімінде реттеуде белсенділік танытып, жемісті еңбек етіп жатқандарын айрықша атап өткен жөн.

Осы ретте Көксу ауданының Құрметті азаматы, медиатор Бақыт ШЕҢГЕЛБАЕВ елдің бәрінің мәселені сотпен шешкісі келетініне ренішін білдірді. Бұл елдіктен кетіреді, татулыққа сызат түсіреді деді медиатор. Сонымен бірге «Азаматтық істер қатарының көбейгені алаңдатады. Соңғы 5 жылда ол екі есеге артып, жылына 900 мыңға жеткен. Ата-бабамыздан мирас болған келісу мәдениеті бұл күндері өз мәнін жоғалтқандай. Қазіргі кезде «Қайдан келесің?» деген сұраққа екінің бірі «соттан келемін» деп жауап береді. Бұрын ата-бабаларымыз кеңдікті, мәрттікті, ірілікті дәріптеп, дауды бейбіт жолмен шешіп отырса, елдің бүгінгі буыны ұсақ-түйек даудан көз ашпай отыр. Дамыған елдерде даулардың 70-90 пайызы сотсыз, бітіммен аяқталады екен. Мысалы, сотқа дейінгі шешілген даулардың мөлшері АҚШ пен Сингапурде 95, Англияда 87 пайызды құраса, біздің елде бұнын үлесі небәрі 4-ақ пайыз екен. Олардың қолданып отырған татуласу тәсілдері біздің бұрынғы билер институтынан бастау алған» деген өз уәжін алға тартты.

Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Әли ЫСҚАБАЙ жаңалыққа құмар екенімізді, кейде қазақтың қарапайым сөздерін қолданбай, игілікті бастамаларды өзімізден алыстатып алатынымызды сынға алды. Соның ішінде ол: «Бағдарламада «медиация» деген сөзді қазақшаға аударғанда «делдалдық» деп атапты. Меніңше, бұл бүгінгі жиынның мәселесіне дәл келмейтін секілді. Делдалдық, көбіне базар жағалаған, сауда жасағандар арасында жиірек қолданылатын термин. Ал, медиация деген сөзді қазақшаға «мәмілегер» деп аударып, соны тұрақты қолданысқа енгізсек, тіліміз де шұбарланбайды, әрі түсінігімізге жақын сөздік қалыптасар еді деп ойлаймын. Шындығын айтар болсақ, мәмілегер сөзі екі жақты келістіретін, дауласқандарды ымыраға келтіретін, даулы мәселені шешудің төрелігін бекітетін ұғым. Мәмілегерлік – қазақтың өмірімен, тұрмысымен бірге жасап келе жатқан бітімгершілікті дәріптейтін, әділеттілікті саралайтын тәмсілді мәні ықпалды ұғым. Тек соңғы кезде оған өз дәрежесінде мән берілмей, назардан тыс қалып келеді. Жеке адамдар арасындағы келіспеушілік, қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерді қарап, жазалау шараларын атамыз қазақ заңмен емес, мәмілегерлік тәсілмен шешіп, түйінді кесімін айтып, дау-дамайды өршітпеген. Сол арқылы ел тыныштығын, бірлігін берік сақтаған. Осы мәмілегерлік тәсілді жер-жерде дамытып, бір жүйеге түсіруге баса назар аударатын болсақ, сот жүйесінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетер еді» деген ойын қосты.

Басқосуға жиналғандар медиацияны дамытуға қатысты түрлі пікірлерін білдірді. Соның ішінде бұл бастаманы насихаттауға көбірек ден қою, медиаторлардың біліктілігін көтеру, ақсақалдар алқасының беделін арттыру бойынша бірігіп жұмыс істеуге келісті.

А.Мұқамед

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.