Алматыдағы Алмалы аудандық сотында бірнеше азаматтық белсендіге қатысты «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деген айыппен қылмыстық іс қаралып жатыр.
Айыпталушылар қатарында Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мұбараков және Фазылжан Сыдықов бар. Олар бірнеше айдан бері қамауда. Сот бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз таппаған. Істі судья Ернар Қасымбеков жүргізуде.
Оларға нақты түрме жазасын көздейтін айып тағылған.
2024 жылдың қазанында осы белсенділер АЭС құрылысына қарсы бейбіт митинг өткізбек болғанда, полиция оларды қамауға алған. Amnesty International бұл жағдайды өз баяндамасында атап өтіп, Қазақстанда пікір білдіру, бейбіт жиналу және бірлестік құру еркіндіктерінің шектеліп отырғанын, билікті сынаған азаматтық қоғам белсенділері мен журналистердің қудаланып жатқанын мәлімдеген.