03-03-25 |
630 рет қаралған
Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілері мен белсенділері жаңа ғимаратқа көшуден бас тартты.
Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілері мен белсенділері жаңа ғимаратқа көшуден бас тартты

Алматыда №1 балалар үйінің бірнеше тәрбиеленушісі, түлектері, демеушілер мен белсенділер балалар үйінің Қонаев қаласына көшуіне қарсы екендерін мәлімдеді. Олар бұл туралы журналистерге көшеде жиналып айтып берді.

«Мен көшуге қарсымын. Жаңа ғимараттың құрылысын көрдім. Оның маңында түрмелер бар, батпақтардың жанында салынып жатыр. Ал мұнда бізге тегін медициналық көмек көрсететін жеке ауруханалар көп. Сондай-ақ, бізді қолдайтын достарымыз, демеушілеріміз бар. Ол жақта бейімделу қиын болады. Су қоймасы жақын орналасқан, су тасқыны болса не істейміз? Оның үстіне, айналасы – жалаңаш шөл дала. Біз мұнда қалғымыз келеді. Біз отырғызған ағаштарды көз алдымызда кесіп тастағанда, бізге көшу керек екенін айтты. Бізден ешкім пікірімізді сұраған жоқ. Адам құқығы мүлдем ескерілмей отыр. Бұл – менің балалық шағымның үйі. Ғимарат жақсы жағдайда, маған ұнайды. Кеше әкім орынбасары келді. Жазда көшу болады деп айтты. Балалар үйіне ешкімді кіргізбеуге бұйрық берілген», – деді №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Анатолий Вилкин.

Бұл Алматы облыстық №1 балалар үйінде шамамен 150 бала тұрады. Дегенмен, олардың аз ғана бөлігі пікірін ашық білдіре алды.

Көшу туралы естіген түлектер, демеушілер мен еріктілер балалар үйіне барып, тәрбиеленушілермен, басшылықпен кездесіп, жағдайды анықтауға тырысқан. Алайда оларды ғимаратқа кіргізбеген. Белсенділер бұл сәтті видеоға түсіріп алған.

«Бізді балалар үйінен неге оқшаулап отыр? Біз – еріктілер, демеушілер, түлектер, белсенділерміз. Біз бұл жерге ұзақ жылдар бойы келіп, балалармен кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Бірақ бүгін балалар бізден жасырылғандай. Тәрбиешілер бейтарап ұстанымда, себебі олар жұмысынан айырылып қалудан қорқады. Бірақ олар да жаңа жерге қатынаудың қиын болатынын жақсы түсінеді. Мұнда балалар үшін өте қолайлы жағдай жасалған. Біз олармен тығыз байланыстамыз, олар бізге үйренген. Жанымызда балаларға тегін қызмет көрсететін көптеген білім беру және медициналық орталықтар бар», – деді демеуші Юлия Нестерова.

Алматы облыстық №1 балалар үйі Алматы қаласындағы Баганашыл ықшамауданында орналасқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, мекеме Қонаев қаласына көшірілмек. Балалар үйінің директоры ғимараттың ескі екенін айтқан. Көшіру жұмыстары осы жылдың жазында жоспарланып отыр. Ал балалар үйінің орналасқан жер учаскесі Алматы қаласының балансына берілген.

Балалар үйінің аумағында ағаштарды кесу жұмыстары басталып кеткен. Белсенділер бұл жерде тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отырғанына алаңдаулы және бұл шешімге қарсылықтарын білдіруде.

Фото: видеодан скрин

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.