Қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен адвокат Мұрат Адам Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етіп, митинг ұйымдастырмақ.
Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы әкімдігіне «Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етеміз» деген тақырыппен митинг өткізу туралы хабарлама жолдады.
Олардың айтуынша, Досаев басшылық еткен кезеңде қала күйрей бастады: нүктелі және тығыз құрылыс көбейген, ағаштар жаппай кесіліп жатыр, «автобус зираттары» пайда болған, жемқорлық деңгейі өскен, метро станцияларының құрылысы тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп бар.
– Біз, алматылықтар, қаламыздың жойылып, тоналып жатқанын үнсіз қарап отыра алмаймыз. Сонымен қатар, митинг тақырыбы әкімнің отставкасы жайлы болғандықтан, оны келісетін де сол әкімнің өзі – бұл мүдделер қақтығысы, – деді бастамашылар.
Еске салайық, Ерболат Досаев 2022 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет қоғам тарапынан сынға ұшыраған.
Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астанаға келгеннен кейін, Досаевтың жұмысы Президент әкімшілігі тарапынан талданып жатқаны белгілі болды.