«Қарғын су қала шетіндегі бірнеше үйге кірді», «Қатты жаңбырдан аулалар суға толып, жол жүрісі қиындады» дегенді бұрын жиі еститін едік. Сондайда жаңбырдың суын да қажетіне жаратып отырған өзге елдердің тәжірибесіне қызығып қарайтынбыз. Міне, соңғы жылдары Алматы қаласының әкімдігі де еріген қар суын, жаңбырдың суын қажетке жаратуға, тосылған судың өзін кәдеге асыруға тырысып жатыр. Бұл мәселеге кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде Президент суды пайдалануға қатысты бірқатар мәселеге тоқталды.
«Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным», деген Мемлекет басшысы дамыған елдерде тұрғындардың барды бағалайтынын, әр нәрсенің қадірін білетінін алға тартты. Дамыған мемлекеттер үшін үнемшілдік -қалыпты нәрсе. Үнемдеу олардың өмір салтына айналған. Тіпті су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Осыны қаперге салған Президент «Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін» деген болжамын дәйектеп, су қорын қалыптастырып, тіршілік нәрін үнемдеуге көмектесетін барлық амалдарды жергілікті әкімдіктер қолға алуы керектігін қадап айтты.
Президент айтып отырған мәселе Алматы қаласында да өзекті. Қала әкімдігі бұл мәселені бірнеше жолмен реттеуге басымдық беруде. Екі миллионнан аса тұрғыны бар қалада суға тіршілік көзі деп қана емес, қауіпсіздік нысаны деп те қарау маңызды. Соған орай бірінші бағыт қала ішіндегі өзендерді қоқыстан тазартып, судың азайтып алмауға бағытталып отыр. Жақында қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы Сайран, Қарасу және Әуежай өзендерін механикалық тазарту жұмыстарына кірісті. Су қоймаларының түбін құрғату үшін оларды сумен қамтамасыз ететін Есентай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ағысы тоқтатылды.
Мәселен, Сайран су қоймасының түбі соңғы 50 жылдан бері алғаш рет тазартылып отыр екен. Қоқыс пен лайдан тазалау жұмыстарына әкімдік тарапынан барлық қажетті техника, адам қолы бөлінді. Соның нәтижесінде өзен арналары кеңіп, айналасындағы жасыл желектер алыстан көз тартады.
Жалпы, Алматыдағы өзен-сулардың тазалығы сын көтермейді. Әкімшілік тарапынан қаншама іргелі жұмыстар қолға алынғанымен, азаматтардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін, жауаптылығын оятпай тазалықты тұрақты сақтап тұру мүмкін емес. Арналардағы судың еркін ағуына кедергі келтіретін қоқыстарды ешкім сырттан әкеп жатқан жоқ. Оның бәрін қала тұрғындары демалып, тыныққаннан кейін табиғат аясына өзі тастап кетіп жатыр. Табиғатқа деген жанашырлықты оятып, судың маңызын түсіндіру үшін Алматы қаласының әкімдігі мен Экология және қоршаған орта басқармасы тарапынан түрлі жиын, басқосулар жиі ұйымдастырылып, көрнекі жерлерге ескерту жазбалары да ілініп келеді. Мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушыларына оқылған дәрістер де жауаптылықты арттыруға негізделген.
Мысалы жақында Алматы қаласы бойынша Экология департаменті жаһандық сенбілік – эконауқанын өткізбек. Бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылған бұл шараға қала тұрғындары ерікті түрде қатысады. Осы арқылы тұрғындар өзен, арналарды тазалап қоймай, өзінің қоғамға керектігін, экологияны өзгерту әр тұрғынның қолында екенін сезінері анық.
Алматы қаласының Экология департаменті азаматтардың пікір-ұсынысын тыңдауға, талап-тілегін қабылдауға да әрқашан әзір. Әлеуметтік желідегі әрбір пікір бойынша жедел жұмыс істеп отырған бұл басқармаға хабарласатындар аз емес. Жақында Олег Ким есімді тұрғын Үлкен Алматы өзенінің суын бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген болатын. Тұрғынның хабарламасы жеткен бойда өзеннен сынама алған Экология департаменті бұл іске Алматы қаласының Полиция департаментін де тартып, дерек бойынша хаттама толтырылған болатын. Нәтижесінде бетон араластырғыштан шыққан балшықтың қайдан келгені анықталып, жауаптылар жазасын алды. Мұндай пәрменді қадамдар Алматы тұрғындарының әкімдік жұмысына деген оң көзқарасын қалыптастырып, қаланы қорғауға деген ынтасын оятары күмәнсіз.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындары пайдаланатын судың сапасына да сын айтатындар көп. Соған орай жылына тексеріс жасалып, оның қорытындысы да көпшілікке ұсынылып отырады. Осы салаға жауапты «Алматы Су холдингі» МКК бас технологы Людмила Ерёминаның айтуынша, «Алматы тұрғындары кранның суын қорықпай іше берсе болады. Сүзгілер қойып, қосымша тазалау, судың минералдарын өлтіреді. Алматының ауыз суы жұмсақ, таза әрі минералға бай», – деп сендіруде.
Сонымен бірге, қаланың суға жауапты мамандары енді жаңбыр мен қар суын жинауға, оны өңдеп тиімді пайдалануға ден қойған. Бұл әдісті ғалымдармен бірлесе отырып қолға алған әкімдік алдағы уақытта азаматтардың да қар суын кәдеге жаратуына жол көрсетпек.
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024