arasha.kz

Алматылықтар «Достық Плазадағы» Cinemax кинотеатрына бойкот жариялады

Дәл осы кинотеатрда «Мастер мен Маргарита» фильмінің алдында Ресейдің Украинаға басып кіруін насихаттайтын, соғыс туралы пропагандистік көркем фильмнің жарнамасы көрсетілген. Оған біраз көрермен наразы болды, деп жазды DALA INSIDE телеграм каналы.

Бірнеше Алматы тұрғыны келесі жолы жұмыртқа алып барып, сол пропагандистік фильмнің жарнамасы көрсетілсе, экранға жұмыртқа лақтырамыз деген пікірлерін әлеуметтік желіде жариялай бастады.

Кинопрокатқа қатысы бар DALA INSIDE дереккөзі жарнаманы кинотеатр өз бастамасымен көрсетіп отырған жоқ дейді.

«Ресейлік прокат компаниясы сол «Мастер мен Маргарита» фильмінің басына, пропагандистік фильм жарнамасын пленкаға басып жіберген. Яғни, қиып тастай алмайсыз. Қиындық сонда болып тұр»

Оның әдейі істелген қадам екенін байқауға болады. «Мастер мен Маргаритаға» ресейдің Z пропагандистері қарсы болып отыр. Фильмде украин актерлері де ойнаған. Және фильмнің өзін соғысқа қарсы болған режиссер Михаил Локшин түсірген.

Қалай болғанда да, Мастер мен Маргаритадағы Воланд сияқты, Достық Плазаны да әзәзіл айналдыра бастады. Кинотеатрға тез шешім қабылдап, арнайы мәлімдеме жасамаса, алматылықтар бойкоты кірісті кем дегенде 30 пайызға түсіріп тастай алады. Және «Z кинотеатр» деген стереотип пайда болып, беделі түсуі мүмкін.

Exit mobile version