Америкалық инвестор Джеймс Кэмерон Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын 5 миллиард доллар көлемінде сатып алу жөнінде ұсыныс жолдады. Компания Люксембургте тіркелгенімен, оның негізгі қызметі Қазақстанда жүзеге асады. ERG мыс, кобальт, алюминий және темір кенін өндірумен айналысады, сондай-ақ сирек және сирекжер металдарын игеру жобаларын белсенді түрде дамытып келеді.
Кэмеронның ERG-ге деген қызығушылығы АҚШ-тың стратегиялық маңызды минералдармен қамтамасыз етудегі тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімен байланысты. 2025 жылдың наурыз айында Қазақстанда әлемдегі ең ірі сирекжер элементтері кен орындарының бірі ашылғаны жарияланған еді. Ондағы болжамды қор 20 миллион тоннадан асады, бұл Қазақстанды осы ресурстар бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына шығаруы мүмкін.
Бұл ұсыныс ERG-нің акционерлік құрылымындағы өзгерістер аясында жасалып отыр: наурыз айында компанияның негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қайтыс болды. Бұған дейін тағы бір негізін қалаушы — Алиджан Ибрагимов дүниеден өткен еді. Осылайша, бастапқы үш құрылтайшының ішінен қазіргі уақытта тек Патох Шодиев белсенді акционер ретінде қалды. Машкевич пен Ибрагимовтің мұрагерлері компания капиталындағы үлестерін сақтап қалуы мүмкін, алайда олардың басқарудағы болашақ рөлі әзірге белгісіз.
Мәмілені қаржыландыру Кэмеронның жеке қаражаты, сондай-ақ АҚШ, Аустралия және Таяу Шығыс елдерінен тартылған инвестициялар есебінен қамтамасыз етіледі. Қаржылық кеңесші ретінде Goldman Sachs банкін тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл ұсыныс ERG-дегі ықпал балансын елеулі түрде өзгертіп, компанияның даму стратегиясына жаһандық геосаяси және шикізаттық жағдай аясында әсер етуі мүмкін.