16-09-18 |
5930 рет қаралған
«Ана мен бала мемлекет қамқорлығында».
«Ана мен бала мемлекет қамқорлығында»

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты  бұдан бірнеше жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы уақытта тек қана ана мен бала денсаулығын нығайтуға күш салу керек екендігін, болашақта қазақстандық ана мен баланың денсаулығы мінсіз болуы маңызды екенін айтқан болатын. Одан кейінгі жылдар Елбасы «2020 жылға дейінгі стратегиясында»  ана мен бала өлімінің көрсеткішін 2 есеге азайту керектігін, барлық қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыру керектігін қатаң тапсырған.

Міне, осы игілікті істер негізінде ел Үкіметі біраз жылдардан бері тынымсыз еңбек етіп келеді.  Игі бастама соңғы жылдары өз нәтижесін беріп, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері күрт төмендеді. Ел аумағындағы тегін медициналық көмектің жемісін қазақстандықтар көре бастады.  «Ел президентінің жіті қадағалауының арқасында Қазақстанда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері азайып, тұрмыс-тіршілік біршама жақсарды»дейді, терапевт дәрігер Жадыра Сағымбекқызы.

Алматыдағы ана мен бала өлімін қадағалайтын тәуелсіз қоғамдық мониторинг орталығының өкілі өздерінің тәуелсіз сарапшы ретінде елдегі жағдайды сырттай бақылайтынын айтады.  «Біз сырттай ана мен мен бала денсаулығына қатысты болатын жағдайдың бәрін бақылаймыз, тәуелсіз сараптамалар нәтижесіне сүйене отырып, жалпы республика аумағын қамтитын мониторинг жасаймыз. Сондай-ақ, біздің орталық өкілдері әлеуметтік, тұрмыстық жағынан аз қамтылған отбасылар арасындағы бала тууға қабілетті әйелдерді контрацепциялармен қамту және үй жағдайында баланың өмірге шетінеп келмеуін қадағалау жұмыстарын да жүргізеді. Баяғыдағы қараңғылық әрине, қазір келмеске кетті. Дегенмен, өз денсаулығына, баласының өміріне немқұрайлы қарайтын әйелдер әлі де болса азаймай отыр»,дейді.

– Бұл жерде мемлекеттік мекемелермен бірлескен ұжымдық жұмыстар атқарылуы керек шығар?

– Әрине, бұл жеке бір шағын ғана қоғамдық қордың атқаратын жұмысы емес. Мұндай жұмыстар масштабты түрде, кәмелетке толмаған балалардың істері жөніндегі топпен, қалалық, аудандық, ауылдық білім, денешынықтыру және спорт бөлімдерімен, ішкі істер орындарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша жұмыс бөілімшелерінің инспекторларымен, жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен, сонымен қоса, жергілікті, тұрғылықты отбасылық-дәрігерлік амбулаториялармен тығыз байланыста, бірлесе отырып атқарылатын  жұмыс.

Ана мен бала денсаулығы мемлекет үшін маңызды шаруа. Президент Н.Назарбаев та мұны өзінің жыл сайынға жолдауында айтады.  Дәрігер мамандар тарапынан халық денсаулығын жақсартуға қандай іс-шаралар жүргізілуде? Дәрігерлер қолдарында бар мүмкіндікті қарапайым халыққа ұсына алып отыр ма?

– Тәуелсіздік алғалы бері халық игілігіне қатысты көп жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, бүкіл республика көлемінде мемлекеттік мекемелер жанынан құрылған әйелдер ісі мен отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдіктері соңғы жылдары өте көп жұмыстар істеуде. Олардың бастамасымен «Ана мен бала», «Дені сау ұрпақ», «Шаңырақ», «Денсаулық кілті» секілді акциялар жүзеге асырылуда. Ондай іс-шаралар қазір кез келгенді өз денсаулығына бей-жай қарамау керектігіне үйретіп жатыр.

Қазір қарап отырсаңыз, республиканың барлық өңірінде ана мен балаға арналған психологиялық, заңдық көмек орталықтары жұмыс істейді. Әртүрлі дағдарыс орталықтары бар. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған ана мен балаға да қолын созатын мекемелер көп. Бұл жерде біз, бірінші кезекте мемлекеттің өз азаматтарына көрсетіп жатқан игіліктерін міндетті түрде ерекше атап өте кетуіміз керек. Оның ішінде, ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған және сол жолда еңбектене беретін маңызды міндеттердің бірі. Президент Н.Назарбаев ана мен бала денсаулығын еліміздің, ұлтымыздың қазіргі және болашақтағы дамуына үлес қосатын маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Біз әлемнің, дүниежүзінің  ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етеміз. Ал, бірақ ол үшін Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін, яғни мүмкіндік әлеуетін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Бұл істе нәрестелер мен аналар өлім-жітімі көрсеткіші,  әрине, маңызды рөлге ие.

– Аналар мен балалардың өлім-жітімін азайтуға байланысты қандай жұмыстар атқарылуда? Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істерге көңіліңіз тола ма?  

– Біздің мемлекет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған адам өміріне қатысты, жас ерекшеліктеріне байланысты, тірі және өлі туу өлшемдері стандарттарын 2008 жылы қабылдады. Мемлекеттегі осы жүйеге тұтастай  халықаралық  талаптарға сай жабдықталған бүкіл технологиялар енгізілді. Тек қана медицина саласына ғана бейімделген, медицинаның ғана проблемасын көтеретін «Салауатты ел», «Саламатты Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау нәтижесі қазақстандықтарды оңды өзгерістерге бастады. Осы бағдарламалар негізінде тиімді технологиялар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, республиканың барлық өңірлері бойынша перинаталдық көмекті ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асты, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді күту технологияларының үздік деңгейлері бойынша перзентханаларды қайта құрылымдау мен бөлу шаралары жүзеге асырылды.  Жүктілікке дейін ауыр және жеңіл патологиясы бар жүкті және мерзімінен ерте босанатын әйелдер, мерзіміне жетпей  шала, ерте және кеміс, науқас болып туған нәрестелер өмірлік тәжірибесі мықты, дайындығы жоғары, білімді, білікті мамандары бар, заманауи соңғы жетістікке ие медициналық қондырғылары мен қымбат дәрі-дәрмектер қолданатын перинаталдық орталықтарға жіберіліп, сол жердегі ерекше күтімге ие болады.

ҚР Президентінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде де көптеген оңды жұмыстар атқарылуда. Мұндай статустағы ана мен бала мемлекет тарапынан берілетін осындай қамқорлықтарды көріп жатыр. Дниежүзілік денсаулық ұйымы естеріңізде болса, бұған дейін «қауіпсіз жүктілік, қауіпсіз аналық» бағдарламасын қабылдаған. Ол бағдарлама негізінде  қазір босанатын әйелге серіктес болу, ана мен баланың дүние есігін аша салғандағы байланысы, баланы өмірге келе сала анасының кеудесіне қою, тек қана ана сүтімен қоректендіру секілді игілікті шаралар енгізілген.

Елдегі орташа статистика Қазақстанда республика бойынша күніне 1 мыңға жуық, ал, жылына 400 мыңға тарта бала дүниеге келетінін мәлімдейді. Соңғы жылдары бұл көрсеткіштер тіпті бірнеше еселеп артты. Біздегі медицинаның мүмкіндігі соңғы кездері тіпті салмағы 500 граммнан жоғары, немесе мерзімінен ерте туылған нәрестелердің өмірін сақтай алу көрсеткішін жоғарылатты. Бұл бүкіл медицина қызметкерлері болып қуанатын есеп. Мәселен, бұған дейін салмағы 1500 граммаға әзер жететін  балаларды аман алып қалу деңгейі отыз пайыз болса, бұл көрсеткіш соңғы жылдары алпыс пайызға жеткен. Қазіргі таңда бүлдіршіндерге амбулаториялық және стационарлық, медциналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық, соңғы үлгідегі қымбат диагностикалау және емдеудің барлық түрі тегін көрсетіледі.

Қазақстанда бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту үшін жыл сайын медициналық көмек ұйымдарында, қоғамдық бірлестіктерде 18 жасқа дейінгі балалар профилактикалық тексерулерден арнайы өткізіліп, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, салауатты қоғам, саламатты Қазақстан сияқты идеялар насихатталады.

          Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері келе жатқан үрдіс бойынша,  Қазақстан балаларды барлық екпемен толықтай тегін қамтамасыз етеді. Аяғы ауыр әйелдер мен  жасөспірім балаларға барлық қажетті делінетін  жоғары  деңгейде мамандандырылған медициналық көмек республиканың барлық емханаларында тегін көрсетіледі. Сондай-ақ, біздің елдегі неонатальдық хирургияның дамуы туа біткен аурулары бар балалардың өмірін сақтап қалуға соңғы кездері жақсы мүмкіндіктер беруде.

Соңғы жылдары елдегі жаңа туған балаларға жасалған оталар саны алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Қарапайым халыққа жедел, білікті, шұғыл көмекті дер мезгілінде қамтамасыз ету үшін  2011 жылдан бері Қазақстанда санитарлық авиация дамыды. Соңғы бір-екі жылда ғана санавиация 1000-ға тарта жүкті әйелдің және 1,5 мыңдай баланың өмірін сақтауға мүмкіндік берді.

– Ұрпақтың саулығын ойласақ алдымен анаға жағдай жасау, оның денсаулығын жақсартуды үнемі назарда ұстау керек сияқты.

Ана мен баланың денсаулығы сау болса, қоғамның да салауаты артады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ келеді өмірге.  Ендеше, салауатты ұрпақ тәрбиелеу, оларды саламатты қылып өсіру аға буынның алдындағы айтулы парыз. Бізге алдағы уақытта да азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту бойынша кеңес беру орталықтарын көбейткен абзал.  Қоғамды ақпараттық жұмыспен жалпылама қамту үшін емханаларда жекелеген жұмыс кабинеттерін ашу, оның ішінде отбасын жоспарлау, белсіздікті емдеу кабинеттерін ашу кезек күттірмейтін мәселелер. Профилактикалық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшелері республиканың барлық өңіріндегі медициналық орталықтарға қажет. Денсаулықтың маңызды орында екенін ескеретін кез келген отбасы балаларын тамақтандыруға, ана сүтімен емізудің артықшылықтары, гигиена туралы, отбасылық құндылық, ұлт саулығы туралы тұрғындардың білімін арттыру мақсатында жұмыс атқаруға тиіс. Осы тақырыптарды қамтитын ақпараттық материалдар таратылып, үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік жобалар іске асырылса нұр үстіне нұр болмақ. «Әрбір бала сүйікті, әрбір босану қауіпсіз» қағидасы насихатталады.  Ана мен бала денсаулығын жақсартуда медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Күн сайынғы ерен еңбектерімен адам денсаулығын қорғап, өмірін сақтап жүрген дәрігерлер мен мейіргерлердің, ғалымдар мен мамандардың білімі, тәжірибесі, кәсіби біліктілігі мен шеберлігі барлық қол жеткізген жетістіктерге басты негіз болып табылады. Бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығын еліміздің қазіргі және болашақтағы дамуындағы басым бағыттарының бірі ретінде анықтау мемлекет міндеті.

– Әңгімеңізге рақмет.

Жекен Тарғынұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.