Өмір бойы тепеңдеп тірлігін жасаған азаматтардың барлығы да қартайғанда бейнеттің зейнетін көруді армандайды. Алайда, зейнеткердің барлығын бірдей жақсы өмір күтіп тұрған жоқ. Өйткені, олардың жылдар бойы жинаған ақшасы қамсыз қарттығын қамтамасыз ете алмайды.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы аудандық сотының төрайымы Гүлжиһан Сағитованың айтуынша, ауылдық жерлерде басқаның емес, өз баласының жылуына зәру болып, шөліркеп отырған қариялар көп. Мәселен, Сайқын ауылының тұрғыны Жарасқан Темірбеков ішкілікке әуес. Санасын арақ тұмандаған ол анасын балағаттап, қоқан-лоқы көрсетіп, отбасының шырқын бұзуды әдеттегі жайтқа айналдырған. Басында жақынынан көрген зәбірін көпшіліктен жасырып келген ана келе-келе баласының таяғы көбейген соң шындықты айтуға, құзырлы орындардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Тұрақты жұмысы, күндік табысы жоқ болса да, аузын арақтан құрғатпайтын Жарасқан анасы мен қарындасын сөзбен қажап, кемсітіп, балағаттап, күн демей, түн демей, шу шығарғаны үшін осылайша істі болды. Істі қараған судьяның айтуынша, қарындасқа қорған болудың орнына отбасының ойранын шығарған Жарасқанды бір туғаны кешіріп, өткеннен сабақ алар деп үміттенсе де, анасы Зере ұлына қатаң жаза тағайындауды сұраған. Істі жан-жақты таразылаған судья азаматтың қателігін түсінуіне ықпал ету үшін жиырма тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады. Бірақ, мұндай қамақ та «үй тентегін» тезге сала алмаған екен. Тек бір жылдың ішінде аудандық сотта Жарасқан Темірбековке қатысты төрт бірдей істің қаралуы сөзіміздің дәлелі. Оның екеуі қамауға алынумен, қалған екеуі татуласумен аяқталған.
Тағы бір сайқындық азамат Спандияр Қабышовтың да үй ішіне көрсетіп отырған шатағы көп. Гүлжиһан Сағитованың сөзінше, бұл жігіттің үстінен тек бір жылдың өзінде он бір іс қаралған. Анасының жегенін желім, ішкенін ірің қылып отырған адамды тіпті азамат деп айтуға болмас, сірә?! Анасы туған ұлынан көрген зәбірін айтқанда етегі жасқа толады. «Жүйкем әбден тозды. Істерге амалым қалмады» дейді байғұс ана. Сот алдына істі боп келген Қабышов әр келген сайын ісіне өкінетінін, анасынан кешірім сұрайтынын, қайталап мұндай әрекетке бармайтынын айтады. Бірақ осы уәдесінің бәрі сот ғимаратының босағасында қалады. Спандияр Қабышов мәжбүрлі түрде емделіп те келді. Бірақ, кейіпкеріміздің санасы «айығар» түрі жоқ.
«Ағайынның азары болса да, безері болмас» дегендей, шаңырағының шырқын бұзған маскүнем аға, ұлдан ана мен қарындастың теріс айналмайды. Бірақ, соны түсініп жатқан жан бар ма?!
Көнеден келе жатқан тәмсіл бар. Әкесі баласына ренжіген сайын үй алдындағы терекке шеге қаға береді екен. Қағылған шегенің көптігі сондай, бос орын қалмапты. Баласы әкесінен «терекке неге шеге қағып жүрсіз?» деп сұрайды. Әкесі себебін айтады. Баласы ұялып, әкесінен кешірім сұрап, тек жақсы ісімен қуантпақ болады. Баласының әрбір жақсы әрекеті үшін бір шегеден суырылып алынатын болады. Баласы уәдесінде тұрып, күндер өткен соң, теректе бір де бір шеге қалмайды. Баласы қуанып: «Әке, ренжіткен сәттерім үшін кешірім сұраймын. Шегенің бәрі алынды, кешірдіңіз бе?» деп сұрайды. Сонда әкесі «Шегенің бәрі алынды-ау, орны қалғаны болмаса…» деген екен. Жетесі барға жеткілікті түрде айтылған тәмсіл.
Осы секілді ата-анасына қартайғанда қуаныш сыйлаудың орнына уайым шеккізіп жүрген жастар қаншама? Әсіресе, ауылдық жердегі жастардың көбі ата-анасының зейнетақысына телміріп, масылдық санамен ғұмыр кешіп жатыр. Бала-шағасының да тәрбиесін өлмелі қарттардың мойнына артып қойған азаматтардың жалқаулығына, енжарлығына іштей налисың. Бірақ, солардың көбі «ауылда жұмыс жоқ, қалаға барып күн көрейін десек әке-шешеміз жібермейді. Осыларға бас-көз болу үшін ауылда отырмыз» деп өзін ақтамақ болады. Шындығы солай ма? Ата-анасының напақасына көзін сатпай күн көремін деген жасқа айналысар тірлік табылмауы мүмкін емес қой. Өкініштісі сол, қарттардың өзі саусағын саусағына ұрмай, желкесінде отырған балаларына түсіністікпен қарайды. Оларға шайын уақытында қайнататын келіні, еркелейтін немересі жанында болса болғаны. Өмір бойы тосқан зейнетақысының тиынына дейін санап беруге бар. Ал, ауылда тұрғысы келмей, қарт ата-анасының тағдырын тәңірге тапсырып, қалаға қоныс аударатын балалар туралы не айтуға болады.?
Алматы облысы Қаратал аудандық сотының судьясы Г.Жексембиеваның айтуынша, бала-шағасының амандығын тілеп, қараусыз қалған қарттар әр өңірде аз емес. Солардың біразының бірнеше баласы бар. Бірақ, сол көп баланың біреуі әке-шешесінің басы ауырып, балтыры сыздағанда жанынан табылмайды. Ендеше, сонша баланы кім үшін, не үшін бақты? Жанында болып, жағдайын жасамақ түгілі, уақыт тауып жақындарына хабарласпайтын балалар жетерлік. Әсіресе, зейнетақысы дәрісінен артылмайтын, денсаулығы сыр берген қарияларға қиын. Заң бойынша балалар ата-анасының қамсыз өміріне жауапты. Бізде алимент тек балаларға төленеді деген түсінік қалыптасқан. Заңға сәйкес, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауынада алимент төлеуі қарастырылған. Өйткені, еңбекке жарамды, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз, қамқорлыққа мұқтаж өз ата-аналарын асырауға және оларға қамқор болуға міндетті. Егер балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарын келісім бойынша ерікті асырай алмаса, онда ата-аналар сотқа алименттерді талап етуге өтініш бере алады. Дегенмен, өз міндеттемелерін орындамаған ата-аналар соттың оң шешімін алуы екіталай. Сондай-ақ, ата-ана құқығынан айрылған ата-аналар да алимент алуға мүлде үміткер бола алмайды.
Мөлдір Мәлікқызы
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024