Қаржылық мониторинг агенттігінде Дмитрий Малаховтың төрағалығымен бірінші жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды
Алқа отырысында есепті кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін АЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы жетілдіру және экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру бойынша жұмыс жүргізілгені атап өтілді.
Бюджет қаражатын жұмсау мониторингі шеңберінде құны 300 млрд теңгеден асатын 35 мемлекеттік жоба бойынша ЖСҚ-да бағаны негізсіз көтермелеуі анықталған. Агенттіктің бастамасы бойынша олардың құны 45 млрд теңгеге төмендетілді.
«19,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын ұрлаудың 111 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудан қорғау мақсатында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеу басталды. Құқыққа қарсы мазмұндағы 14 мың сілтеме алдын ала бұғатталып, 100-ден астам құқыққа қарсы чаттар мен аккаунттар жойылды», -делінген хабарламада.
Жалпы, қылмыстық істер бойынша өтем 3,5 есе (48,3-тен 164,4 млрд теңгеге дейін), оның ішінде ақша 7 есе (11-ден 79 млрд теңгеге дейін) ұлғайды, бұл жұмыс тиімділігінің артқанын көрсетеді.
Жаңа технологиялар саласында крипто құралдарын қылмыстық мақсатта пайдалану мониторингі бойынша ведомствоаралық кеңес өткізілді. Тәуекелдерді секторлық бағалау жүргізілді және оларды азайту жөніндегі тиісті шаралар жоспары бекітілді. Қазақстан виртуалды активтер бойынша ФАТФ тобына қосылды.