05-09-18 |
1660 рет қаралған
Апатты мектептер азайып келеді.
Апатты мектептер азайып келеді

Жаһандық жаңғыруға қадам жасаған Қазақстанның білімді ұрпақ тәрбиелеуге ден қойып отырғаны белгілі. Өйткені, көзіміз көріп отырғандай, дамыған елдердің көпшілігі табиғи байлығына емес, азаматтарының алған біліміне, озық идеяларына, жаңа бастамаларына сенеді. Табиғи қазбаның таусылатын, түгесілетін, бағасының түсетін белгілі бір уақыты бар. Ал, білім мен ұшқыр идея мәңгілік. Осыған орай, жаңа заман талаптарына жауап беретін ұрпақ қалыптастыру басты мақсат. Болашаққа осындай биік жоспар құрған соң, білім беру ошақтары да, мұғалімдер де, оқулықтар да соған сай болуы керек.

Айталық, біздегі үлкен мәселелердің бірі – апатты мектептер. Мұндай білім ошақтары ірі қалалардан шет орналасқан елдімекендердің көпшілігінде кездеседі. Тіпті, мемлекет тарапынан қолға алынған 100 мектеп, 100 аурухана жобасы да бұл түйткілді толыққанды шеше алған жоқ. Апатты мектептердің баланың қалыпты білім алуына тигізер залалы айтарлықтай. Онымен қоса, бұл оқушылардың өміріне де орасан қауіп төндіреді. Статистикаға үңілер болсақ, бүгінгі күні елімізде 100-ден астам апатты және санитарлық талапқа сай емес 700-ден астам саман мектепте білім алып жатқан оқушылар бар екен. Алматы қаласы, Алатау ауданы бойынша Мектепке дейінгі білім беру мен білім беретін ұйымдарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Сәуле Ақанның айтуынша, егер мектеп санитарлық талаптарға сай емес деп табылса, оқу жылының басталып кеткеніне қарамастан білім ордасының жұмысын тоқтатқан дұрыс. «Қазіргі таңда балаларымызға мектепте сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар олардың денсаулығын сақтау, егемен еліміздің дені сау болашағын тәрбиелеу – басты мақсат болып отыр. Сондықтан оқушылар білім алып жатқан мектептердің санитарлық-техникалық базасының талапқа сай болуы өте маңызды. Жыл сайын жаңа оқу жылына дайындалу барысында білім беру мекемелерінде санитарлық-техникалық жағдай бойынша кешенді күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал апатты, санитарлық талапқа сай емес жағдайда жұмыс істеп жатқан білім мекемелері анықталған жағдайда тиісті құзырлы мекемелерге анықтамалар жіберіліп, кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі көтеріледі. Егер бұл талап уақытында орындалмаса, сот арқылы осы мекемелердің қызметін тоқтатуға талап арыз беріледі. Өйткені санитарлық талаптар бойынша мұндай мекемелерде білім алу оқушының, ұстаздың денсаулығына кері әсер етеді. Мәселен, мектеп ғимаратының төбесінен су ағып, сынып кабинеттерінің қабырғасы дымқылданып, көгергені және сарғайғаны анықталса, бұл жағдай оқушылар денсаулығына тікелей кері әсер ететінін айта кету керек. Қабырғалары дымқылданып, ылғалдылық жоғары болған сынып бөлмелерінде отырған балаларда тыныс-жол аурулары пайда болады. Яғни ондай бөлмелерде өкпе қабыну, бронхит және демікпе ауруларының өршу қаупі жоғары. Сондай-ақ осы күз айларын тұмау маусымы деп есептейтін болсақ және мұндай кезеңдерде оқушылардың иммунитеті төмендейтінін ескерсек, мұндай сынып кабинеттерінде оқитын оқушылар жиі науқастанады»,- дейді маман. Яғни, апатты мектепте білім алу баланың қауіпсіздігіне де, денсаулығына да үлкен залал.

Сондай-ақ 100-ге жуық үш ауысымды мектепте оқушылар қысылып қымтырылып білім алуда. Білім беру ордалары жетіспейді. Тіпті елімізде ұстаздар да жеткіліксіз. Ауылдық жерлерде бірнеше пәнді бір өзі қатар беретін «әмбебап» ұстаздарымыз бар. Алайда, бұл мәселелерді тек Білім және ғылым министрлігінің мойнына артып қойғанымыз жөн емес.

Апатты мектептердің де, аралас мектептердің де қалыптасуына ішкі миграцияның мықты әсер етіп отырғанын айтпай кетуге болмас. Қазір күнкөріс қамымен ірі қалаларға, соның ішінде, Астана мен Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерге қоныс аударып жатқандар қатары қалың. Ауылдарда тіршілік етіп отырған, туған жерін көркейтсем дейтін жастар аз. Соның кесірінен елдімекендерде тек жасы келген, қарт адамдар тіршілік етуде. Сол қарттардың немерелері ғана мектеп жұмысын «өлтірмей» отыр. Егер жастар балаларын ауылға апарып, ата-анасының қолына бермесе ауыл мектептерінің тынысы тіпті тарыла түсер еді.

Ал, өзі аз ғана бала баратын, сыныптары жылдан жылға азайып кеткен мектептерге кім жағдай жасап, қаржы бөле қояр дейсіз. Сондықтан, апатты мектептердің санын азайтудың барлық амалдарын жасау керек. Ол ең алдымен ауылға жастарды тартуға, диплом алған жас мамандарды елдімекендерге баруға үгіттеуге байланысты. Жастар барған жерге қан жүгіреді. Жастар араласқан ортада жаңару болады. Жастары көп ауылдың демографиясы да өседі. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Осыған орай, ауылына жаны ашитын, ауыл тірлігінің жандануына мүдделі жандар әкімдіктің жұмысына қозғау салып, баяғыдай ауыл жылын жаңғыртуға, жастарды ынталандырудың тетіктерін жақсартуға атсалысқаны дұрыс.

Екіншіден, әр ауылдан шыққан мықты мамандар, басшылар, кәсіпкерлер аз емес. Олардың бәрі шетте жүрсе де туған жерінің түтінінің түзу шыққанын, ауылының көркейгенін қалайды. Міне осы ауыл түлектерін бір мақсатқа ұйыстырып, жақсы істерге демеуші болуға тарта білген дұрыс. Бұл қазір барлық ауылдарда қолданылып келе жатқан, өзін-өзі ақтаған тәсілдердің бірі. Көзіміз көріп отырғандай, түлектер ұйымдасып бір одақ құрып, балабақшалар салуға, мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, көшелерді түзеуге, балаларды ойын алаңдарымен, спорт үйірмелерімен қамтуда белсенділік танытып жүр. Яғни, ауылдың жастары өз елінен қол үзгісі келмейді. Оларды жобаға қатыстыру – мектеп балалары үшін де үлкен өнеге. Өз ауылынан шыққан, өз мектебін бітірген жандардың қандай нәтижеге жетіп, қандай биікке көтерілгенін көру балалардың алға ұмтылуына, сабағын түзеп, арманына батыл қадам жасауына ықпалын тигізеді. Ауылдан шыққан кәсіпкерлердің арнайы қор құрып, жағдайы төмен отбасының балаларына көмек көрсетіп, жоғары оқу орындарында білім алуына демеушілік жасайтын, жұмыспен қамтылуына қол ұшын беретінін де жиі естиміз. Мұндай әдемі үрдісті әр ауылда жандандыруға болады. Тек мектеп басшылығы түлектердің басын қосып, бір мақсатқа ұйыстыра алса болғаны.

Серік Баймұрат

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.