26-11-20 |
1210 рет қаралған
Арбаға таңылған әйел де ана болғысы келеді.
Арбаға таңылған әйел де ана болғысы келеді

Айман Бейсенова бала кезінен мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан 32 жасында жасында ана атанды. Қазір алты жасар Қарақат есімді тәп-тәтті періште қолғанаты, сырласы, көмекшісі, бар бақытына айналып отыр.

«Ана болуды қатты армандадым. Оның үстіне өзім мынандай жағдайда болған соң өмірде жалғыз қалудан да қатты қорықтым. Әке- шешең мәңгі жаныңда болмайды. Бауырларың болғанымен, олардың әрқайсысының өз жанұясы болады. Оларға барып, масыл болғым келмеді. Шыны керек «анадан алтау туса да» әркім өз басына жалғыз ғой. Оның үстіне қыз бала жарын тауып, бөлек кетпесе, әке-шешенің көзі тайса шын жалғыздықты сезінесің ғой. Соның бәрін ойлана келе, ана атануды қатты армандадым. Күйеуге шықпасам да, балалы болсам екен деген ой маза бермей қойды. Әрине мұны естіген басқа жұрт сөгуі мүмкін, бірақ сенің күйіңе түспей ешкім сені түсінбейді. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде «баламның әкесі деген атқа лайық болады-ау» деген жақсы бір азаматпен танысып, ойымды айттым. Ол ұсынысымды қабыл алды. Содан соң төрт інім мен анамның алдынан өттім. Әкеме айтуға ұялдым. Бірақ ол кісінің өзі де іштей мені уайымдап жүрген екен. «Жалғыз қалмай ең болмаса бір балалы болса екен» деп тілейтінін білдім. Кейін балалы болған соң айтып жатыр ғой, оның бәрін. Бауырдың баласы ініңдей немесе сіңліңдей болғанымен, өз балаңа жетпейді екен. Інілерім алғаш алдарынан өткенде, «тәте, сізді жалғыз қалдырмаймыз ғой, келіншектерімізді де көндіреміз. Сізден қамқорлығымызды аямаймыз» деп-ақ жатыр. Бірақ мен өзім келіндерге кіріптар болуды жөн көрмедім. «Далаға тастамайтындарыңды білемін, бірақ мен де ана бақытын сезінгім келеді» дедім.

«Көпшіліктің сөзі болады, үйінде отырып туыпты деген сынға мен дайынмын, сендер де түсінуге тырысыңдаршы, мен үшін арланып, ренжіп жүрмеңдерші» деп алдарынан өттім. Олар рұқсаттарын берді. Сөйтіп ана болуға бел байладым. Екі жылдай көтере алмадым. Сосын намаз оқып, Алладан дұға жасап, тілек тілей бастадым. Таң намазы мен тәхажуд намаздарын қалдырмай оқып жүрдім, халық емімен айналысатын Ақтөбе қаласында бір әжей бар екен. Сол кісіден қосымша ем қабылдай бастадым. Тәхажуд намазына тұрған сайын Алладан жылап тілек тілейтінмін «Мені аяп бермей отырсың ба баланы, мен барлығына шыдаймын. Мен әлсіз адам емеспін. Ана бақытын сезіндірші тек. Баланы бағып, қаға да аламын» деп сұрайтынмын. Содан көп ұзамай тілегім қабыл болып, намаз оқып бастағаныма алты ай өткенде бала көтердім. Жүктілік жақсы өтті. Аздап төрт айға дейін токсикоздан қиналдым. Бірақ Алладан тілеп алған сәбиім болғандықтан барлығына шыдадым. Гинекологтар «бала жеті ай болғанда, алдын ала ауруханаға жатқызамыз. Жоспарлы түрде алдын ала босандырамыз. Тоғыз айға дейін созып, денсаулығыңа қауіп төндіре алмаймыз. Аралда босанасың ба?» деді. Ол кездері туған жерім Аралда тұрып жатқан болатынмын. Мен ауылда босануға жүрексініп, Нұр-Сұлтанға жолдама сұрадым. Ол жаққа жеті айлық жүктілігімде барғаныммен, астаналық дәрігерлер «қазір алдын ала босандырып алғанмен, сәбиің екі ай вакумда жатады. Үйден екі ай бойына балаға қатынайсыз. Өйткені босандырып болған соң, сізді үйге шығарып жібереміз, баланы вакуумда алып қаламыз. Ол сізге қиын болады. Анаңыз сізге қарай ма, әлде балаңызға қарай ма?! Сәби сіздің құрсағыңызға бейімделген. Оның тынышығын бұзбайық. Тоғыз айға толуын күтейік» деді.

Тоғыз айға жақындаған сайын ауа жетпей, сүйектерім сырқырап, жүктілік ауырлай бастады. Бірақ Алладан тілеп алған балам болған соң, оның барлығын елемеуге тырыстым. Кейін тоғыз айды толтырып Нұр- Сұлтан қаласына қайтып бардым. Кесір тілігі арқылы босандыратын болды. Өзімнен сұрады «омыртқадан жіберейік пе жансыздандыратын дәріні, әлде толық ұйықтатып жасайық па отаны» деп. Менің арқамда екі омыртқам жоқ. Сондықтан отаны толықтай ұйықтатып жасауын өтіндім. Гүлмира деген дәрігер босандырды. Өте мықты дәрігер екен. Сол күні бір күннің ішінде 17 ананы кесар тілігі арқылы босандырғанын естідім. Сондай тәжірибелі маманның қолына түскеніме қуандым. Отадан соң бір күндей ауырсындым, кейін жылдар бойы аңсаған баламды өмірге әкелгенімді сезініп, бәрін ұмыттым. Баламды көргенде денемнің ауырғанын да сезінбей қалдым. Аналық бақыт деген ерекше екен ғой өзі.

Бір риза болғаным, әлгі Гүлмира деген дәрігер «бір баламен шектеліп қалмай, 4-5 жыл өткен соң тағы келіңіз. Қызыңыз жалғыз қалмасын» деп мені мәз қылып жігерлендіріп қояды. Мені басқалардан кем көрмей, тағы бір аналық бақытқа лайық көргеніне кәдімгідей көңілім босайтын сол кездері. «Өзіңнің масыл болғаның аздай, қызыңмен туыстарыңа масыл болып отырсың» демей қанаттандырып сөйлегеніне қатты риза болдым.

Біз қоғамнан жылы сөз, қолдау ғана күтеміз. Қалғанын өзіміз жасап аламыз ғой. Қоғамның қамқорлығын сезінсек, одан әрі қанаттанып кетеміз. Өз басым сол кездері Бас қаланың дәрігерлеріне де, инклюзивті аналарды босандыруға арналған медицинасына да ерекше риза болдым. Пандустан бастап, жататын керуеттері де, медициналық кабинеттері де арбамен қозғалысқа ерекше ыңғайлы. Сондықтан олар да өзіңе барынша мүмкіндік беріп, өз бетіңше әрекет етуіңе жағдай жасап, қолдау білдіреді. Сол босанған баламның кейін менің қолыма, аяғыма, көзіме, қолғанатыма, қамқоршыма айналатынын біліп отыр. Сондықтан үлкен сенім де артады. Мен соны сезіндім олардан. Негізі менде белден төмен сезбейді, өлі ет қой. Сондықтан кескен жердің де тез жазылуы қиын. Осы себепті баста отамен босануды қатты уайымдасам да, бәрі жақсы біткенін көргенде дәрігерлерге ерекше риза болдым.

Тағы бір айта кетер жайт, бұрын менің қуық тұсымда тереңдігі бес см, ұзындығы он см ойылып қалған жара болатын. Ол жазылмай тоғыз жыл алыстым. Кейін соны астаналық дәрігерлерге портал алып барғанымда 22 күннің ішінде ар жағында көрініп жатқан қуығымды бітеп, Қабылбек Әбуғалиұлы деген дәрігер толықтай жазып берді. Сондықтан өз елімізде осындай дәрігерлердің, нағыз кәсіби мамандардың бары қуантады. Оларға өмір бойына қарыздармын. Жалпы бұрынғыдай емес, қазақ қоғамы инклюзивті қоғам құрып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды шеттетпей, біздің де көпшілікпен бірге өмір сүруімізге құқығымыз бар екенін сезіндіріп келеді. Айналамыздың бізге деген ойлары, көзқарастары өзгеруде. Сол қуантады. Ең бастысы қызыма қараған сайын сол бір кездегі шешіміме, ол шешімімді қолдаған қоғамға қатты риза боламын. Қазір Қарақатым әлсін-әлсін жүгіріп келіп, сүйеді. Көзінен таса болсам іздейді. «Кейін сені көтеріп жүретін жігітке тұрмысқа шығамын» деп тәтті тілімен көңілімді көтеріп қояды. Соған қарап отырып, бір адамға болса да өмір сыйлай алғаныма қуанамын».

Айманның мықты жігеріне, қоғамның өзіне деген қамқорлығына ризашылығына қарап ерекше мотивация алдым.

Мақпал Шынтаева

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.