Бұрын тимуршылар командасы деген болатын. Оны кеңестік кезде өмір сүрген ұрпақтың бәрі біледі. Сол тимуршылар жалғызбасты қарттардың үйіне барып шаруасына көмектесіп, қолын ұзартып, алғысын арқалап қайтатын. Қазір де мектеп тарапынан балаларды топтастырып, көмек көрсететіндер бар. Алайда, бұрынғыдай әр ауыл, әр аймақтан мұндай көмекшілерді кездестіре алмайсың. Дегенмен, қарттарға деген қамқорлық әрқайсымыздың жүрегіміздің түкпірінде тұруы керек. Себебі, ардагерлердің жұмысын жеңілдеткеннен жастардың кеміп қалмайтыны түсінікті. Мұндай шаралардың мемлекет органдар тарапынан қолға алынуы көңілге жылу береді.
Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері жер-жерлерде көмек акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Соның ішінде ардагерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың цифрлық сауаттылығын көтеру күн тәртібіндегі негізгі міндеттің бірі болып отыр. Жақында ұжым қызметкерлері Алматы қаласындағы егде жастағы жандарға арналып құрылған «Белсенді ұзақ өмір» орталығына барып, ондағы жағдаймен танысып, өмірге құштар қарттарға электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтер алу тәсілдерін үйретті. Қарттар жаңа технологияның пайдалануға дағдыланып, электрондық қызмет алудың қыр-сырына қанықты.
«Үйде компьютер, планшет немесе жеке телефондары арқылы электронды мемлекеттік қызметтер алуға болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан біздің мамандар электронды мемлекеттік қызметтер алуды кезеӊ-кезеӊімен көрсетіп, E-gov электронды үкімет порталы және m-gov мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтер алуға үйретіп, акцияға қатысушы азаматтардың ұялы телефондарына m-gov мобильді қосымшасын орнатып беруде», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.
Алматыдағы зейнеткерлерге арналған Орталықтың жағымды жақтары көп. Жақында ғана ашылған бұл орталыққа келетін зейнеткерлер баршылық. Жағымды жаңалықты бір-бірінен естіп, пайдалы орынға беттеген қарттардың кезегі қалың. Ғимарат шағын болғанымен, қарияларға арналған секциялар көп. «Айкүне» деген ұлттық жаттығу комплексі бар. Мұны қазақ жаттықтырушы ойлап тауып, ғылыми негіздепті. Жаттығу кезінде адам ағзаларының əр жасушасына қан жүгіреді дейді. Содан болар, ұзақ жасағысы келген қарттардың көбі осы кешенді жаттығуларды жасауға ниетті. Бұдан бөлек, ағылшын, қазақ тілінің курстары, компьютерлік сауаттылықты, смартфонның қыр-сырын үйрететін дәрістер де тегін ұйымдастырылған. Ал, зейнетақысы аз ардагерлерге бұл кәдімгідей көмек. Оның үстіне, орталықтың ашылғанынан хабар алған Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді ұжымдар, арнайы келіп, ардагерлердің сауатын арттыруға атсалысуда.
Əкімшілік пилоттық жоба ретінде ашқан орталықтың қазірдің өзінде өзіне жақтартар жинағаны анық байқалады. Бұл шынтуайтына келгенде бала-шағасы жұмыстан қолы тимейтін, жалғызілікті қариялардың уақытын тиімді пайдалануына, зерікпеуіне, өзімен тұстас жандармен араласуына жол ашады. Думан ықшамауданынан келген Кемелжан Аманов осындай бастаманы қолға алған әкімшілікке алғыс айтып отыр. «Менің қырық жылдан аса уақытым мектепте өтті. Қаншама балаға білім бердім. Зейнетке шыққан соң қалада қызмет ететін балалардың жанына келдік. Алғашында бір-бірімен араласпайтын қала тұрғындарына ренжитін едік. Енді міне мына орталық ашылғалы бері өзім секілді талай қариямен тілдесіп, арқа-жарқа болып, көңілдегі шерді тарқатуға мүмкіндік алдық. Ұйымдастырылған үйірмелердің де біз үшін пайдасы зор» деп ақжарма лебізін жеткізді.
Расында, қарбаласып жүретін қазіргі адамдары қарттарға көңіл бөле бермейді. Олардың сөзін тыңдайтын, жан-дүниесіне үңілетін адамдар кем. Осындай шақта қарттарды белсенді өмірге үндейтін орталықтың ашылғаны құптарлық. Оның үстіне, зейнеткерлердің белсенділігін байқаған Алматы қаласының әкімшілігі алдағы уақытта мұндай мекемелерді әр ауданнан ашуды жоспарлап отыр. Бұл игі істе басқа қалалардағы әкімдер де құптаса құба-құп.
Гүлнар Мәлікқызы
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024