Қазақстанда халықтың 49% аштықтан қырылды, Украинада 33 пайыз көлемінде болды. Ал, Ресейдің өзге облыстарында бұл көрсеткіш 3-4% көлемінде ғана болды. Бұл туралы тарихшы Сәбит Шілдебай Алматыда өткен «Наркескен» – интеллектуалдық-пікір сайыс клубының отырысында айтты, деп хабарлайды arasha.kz тілшісі.
Тарихшының айтуынша, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, аза тұтып отырса орынды болады. Ашаршылыққа саяси баға беретін де уақыт жеткен, мәселен Украинада Голодомор деп баға берілген және соған орай аза тұтып келеді.
Сөз арасында ол біздегі ашаршылыққа қатысты әлем тарихшылары қандай көзқарас ұстанып отырғанына тоқталып өтті.
«Біріншіден бұл геноцид болды ма, болмады ма деген мәселе. Соңғы кезде еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын зерттеп, Американың ELS университетінде докторлық дисертация қорғаған Сара Камерунның сұхбаттарын көп жариялап жүр. Сара сол кездегі Голощекин, Сталиннің тарапынан болсын Қазақстанға қатысты геноцид саясаты ұстанған жоқ, бұнда жергілікті басшылардың да кінәсі болды деген пікірді айтқысы келеді. Яғни, шым мәнінде көшпелі қазақ халқы өмір сүруге қабілетсіз, отырықшылыққа икемделу кезеңінде өзін-өзін қамтамасыз ете аламады, сол кездегі тарихи фактілерді де ескеруіміз керек деген сияқты пікір білдіріп, геноцид болды дегенді айтқысы келмейді. Сонымен қатар, германиялық Роберт Кинглер деген харихшы да осы ашаршылықты зерттеп, үлкен монография шығарды. Ол әсіресе қазақтардың адам етін жеген фактілерін көп іздеді және қандай мақсатпен олай жасағаны белгісіз. Біз қазір өз тарихымызға баға берген кезде қазақтың жалпақ шешейлігі орын алады, шетелдік ғалымдар мен тарихшылар пікір білдірсе соларды алдыға шығарып, баспасөз бетіне шығаруды бірінші орынға қоямыз. Негізі ол дұрыс емес, қазақтың тарихын дәл қазақ сияқты түсініп, танитын халық жоқ. Біз өз-өзімізді танып, өзіміз баға беруіміз керек»,-дейді тарихшы.
Сонымен қатар, ол ашаршылық кезеңіндегі мал санына тоқталып, айналдырған бір-екі жылда мал басының күрт төмендеп кеткенін жеткізді.
«1929 жылға дейін Қазақстанда 22 млиллионнан астам мал басы болған. Бір жылдан кейін мал басы қатты кеміп 5 млн 300 мыңдай ғана қалған. Ал кохоздастыру саясаты кезінде 11 млн малды колхозға алу жоспарланған болатын, жинау кезінде сол санға жетпей қалған. Малдың бұлай кеміп кету жағдайына қатысты зерттеулер әлі толыққанды жүргізілген жоқ. Тарихшыдар алдағы уақытта осы мәселені де зерттеу керек»,-деді ол.
Оның айтуынша, ашаршылық 1933 жылмен тоқтаған жоқ, соғыс кезінде 1943 жылы тағы қатты ашаршылық болған.
«Бұл ашаршылық әсіресе, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында болды. Ауыл бригадирлерінің халықтың соңғы азық-түлігін тартып алуынан өте көп қалық қырылған. Соғыс кезіндегі ашаршылық та зерттеуді қажет етеді. Мұның барлығын бір сөзбен геноцид деп айтуымыз керек. Ресей тарихшылары тарапынан «мұндай ашаршылық барлық елде болды» деген пікір кездесіп жатады, дегенмен пайыздық тұрғыда қарайтын болсақ ашаршылық екі республикада қатты болған. Бұл автономиялы Қазақ АКСР және Украина. Қазақстанда халықтың 49% аштықтан қырылды, Украинада 33 пайыз көлемінде болды. Ал, Ресейдің өзге облыстарында бұл көрсеткіш 3-4% көлемінде ғана болды. Сондықтан бұл мәселені қарағанда осы пайыздық өлшемдерді де ескеруіміз керек. Бұл тікелей геноцид. Өйткені орталық Мәскеу Қазақстанда не болып жатқанын толық білмеді, оны Голощекин жасырды, поштадан хат-хабарларды орталыққа жібермеді дегеннің барлығы өтірік. Өйткені мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің агенттері әрбір ауылда болды. Олар Қазақстандағы халықтың көңіл-күйі, олардың не ойлайтынын, не ішіп-жейтінін бәрін орталыққа үнемі жолдап отырды. Орталық ашаршылықты жақсы біліп, оған көзін жұмып отырды»,-дейді тарихшы.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024